Отандық "Алмас қылыш", "Алтын тақ" көркем фильмдерін және "Қазақ хандығы" тарихи телехикаясының екі маусымын Түркияның Duru Filmcilik пен Қытайдың Magic Fair дистрибьютерлік компаниялары сатып алды.
Алдағы уақытта режиссер Рүстем Әбдіраштың туындылары Түркия мен Қытайда көрерменге жол тартады. Ал бұған дейін "Алмас қылыш" фильмінің көрсету құқығын Оңтүстік Кореялық Amadeus компаниясы сатып алған еді.
Көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылыш" романы желісі бойынша түсірілген "Қазақ хандығы" жобасы XV ғасырдағы көшпелі қазақ тайпаларының басын қосқан қазақтың алғашқы хандары – Керей мен Жәнібек сұлтанның билік құрған кезеңін қамтиды.
Екінші маусымның оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін таласы айналасында өрбиді. Фильмнің сценариі Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылыш" романының негізінде жазылған.
"Қазақ хандығы" киносериалының екінші маусымы – "Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша "Centaurus Rustem Abdrashev production" ЖШС-нің қатысуымен Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген. Аталған фильм биыл наурыз айында прокатқа шыққан болатын.
Өткен аптада "Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмі Парижде өткен Қазақ киносының фестивалі аясында көрсетіліп, "Үздік тарихи туынды" естелік жүлдесімен марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл сыйлықты фильмді көрермендерге таныстыру үшін Францияға арнайы барған режиссер Рүстем Әбдірашев және актриса Мадина Есмановаға табыстады.
Казіргі уақытта тарихи кинодастанның Netflix стриминг платформасында шығуы туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.