- Негізгі бет
- Кино
- "Қазақ елі" фильмі...
"Қазақ елі" фильмі 16 желтоқсанда көрсетіледі
Көрермендер режиссер Рүстем Әбдірашовтің "Қазақ Елі" ("Казахское ханство") фильмін Тәуелсіздік күніне орай 16 желтоқсанда көре алады.
"Көпсериялы телевизиялық көркем фильмнің түсірілімі былтыр аяқталды. Қазіргі уақытта "Қазақфильм" киностудиясында "Қазақ Елі" толықметражды фильмінің қосымша түсірілім жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, түсірілім тобы киноны монтаждауға кірісті. Компьютерлік графикамен де жұмыс басталды. Фильмді өңдеуге республикалық бюджеттен 1 475 205 мың теңге бөлінді", − делінген сауалнамаға берілген жауапта.
Осыған дейін жобаның продюсері Арман Әсенов сериалдың бюджеті сценарийдің қысқартылуын қоса есептегенде шамамен екі миллиард теңге болғанын айтқан.
Айта кетейік, фильмнің масштабты түсірілімдері қарашада Шошанай ауылында (Шонжы ауылына жақын жерде) болған. Фильмге 200 адам, 150 жылқы мен 10 түйе түсірілген. Кейіннен фильмнің түсірілімдері Қапшағай мен "Қазақфильм" аумағында болған.
Назарбаевтың бастауымен Қазақ хандығының 550-жылдығына "Қазақ Елі" көркем сериясының жобасы қолға алынған болатын. Фильмде қазақ хандығының қазығын қаққан Керей мен Жәнібек тұсындағы XV ғасырдағы көшпенді қазақ мәдениеті сипатталады.
Түсірілім тобының өкілдерінің айтуынша, фильмді түсіруге демеуші болғандардың қаражаты телесериалдың дубляжына, симфониялық оркестрмен ән жазуға және кино нұсқа өңдеуге жұмсалады. Сондай-ақ, кез келген қазақстандық бұл жобаға сайттағы краудфандинг арқылы көмектесе алады. Қазіргі уақытта көрермендер 101 295 920 теңге жинады. Ақша жинау әлі де жалғасып жатыр.
Картинадағы басты рольдерді Еркебұлан Дайыров (Жәнібек), Қайрат Кемалов (Керей), Аян Өтепбергенов (Бұрындық), Мейірғат Амангелдин (Қасым), Бекболат Тілеухан (Қазтуған), Досхан Жолжақсынов, Димаш Ахимов, Шұғыла Сапарғалиқызы (Керейдің әйелі), Мәдина Исманова (Жәнібектің әйелі) сомдады.
Дереккөз: Tengrinews.kz
Н. Нұрмаханұлы