«Оскар» кинопремиясын марапаттау рәсімінде кеткен үлкен қателік үшін шара ұйымдастырушылары кешірім сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, «Үздік фильм» номинациясы үшін берілетін мүсінді «Айдың жарығы» фильмінің орнына «Ла-Ла Ленд» мюзикл фильмінің түсіруші тобына табысталған болатын. Кейін, әрине, қателік түзетіліп, бақыттан көзіне жас алған «Ла-Ла Ленд» фильмінің түсіру тобының қолындағы «Оскар» шынайы жеңімпазға қайта берілді. Мұндай сезімді бастан кешіру оңай емесі анық.
Мұндай көңілге қаяу түсіретін қателік кеткені үшін кешірімді PricewaterhouseCoopers (PwC) аталатын халықаралық аудиторлік консалтингтік компаниясы сұрады: «Марапатты табыстаушы қонақтарға басқа номинация бойынша жеңімпаз аты жазылған конверт берілген. Қателік белгілі болғаннан кейін сол арада түзетілді».
Америка кино өнер академиясы ұсынатын бюллетеньдерді өңдеуші корпорация қос фильмнің түсіруші тобынан және марапаттаушы қонақтар Уоррен Битти мен актриса Фэй Данауэйден де кешірім сұрады.