2 қазан күні «Sulpak Cinema» компаниясы мен "Lumiera Cinema" кинотеатры бірлесе ұйымдастырған "Эверест" мультфилімінің алғашқы көрсетілімі өтті. Сіздерге мультфильмнің артықшылықтары мен кемшіліктерін атап өтуді жөн көрдік.
Мультфильмді Қытай мен АҚШ аниматорлары бірігіп түсірген. Оның сценарийін Джилл Калтон ("Құбыжықтар корпорациясы", "Аң аулау мерзімі") жазған. Режиссерлік жұмысты Джилл Калтон Тодд Вилдерманмен бірге атқарған.
Бұл анимациялық фильмнің оқиға желісіне келер болсақ, басты рөлдегі Лу есімді оқушы әлемді аралап, саяхаттауды армандайды. Ол жақында әкесінен айырылғандықтан, көп уақытын сыртта өткізіп, үйде отырмауға тырысады. Кішкентайынан бірге өскен ағалы-інілі көрші достарынан да алшақтап кетеді. Бір күні олар үйдің төбесінен өте үлкен қар адамын (йети) тауып алғанда бұл үш достың өмірі мен бір-біріне деген қатынасы түбегейлі өзгереді.
Заманауи мультфильмдер ересектерге де, балаларға да қызық болатындай етіп түсіріледі. "Эверест" мультфилімінің кемшілігіне – ол ересектерге "тек балаларға арналған" секілді көрінуі мүмкін. Бірақ ол мультфильм үшін кешірімді, себебі мультфильм бірінші кезекте, балаларға арналып түсірілуі тиіс. Алайда, бұл анимациялық фильмді көрген әр адам одан өзіне керегін түртіп ала алады. Себебі картинада отбасылық құндылық, отбасы мүшелерінің және достардың қарым-қатынасы тақырыптары қозғалған.
Ал балалар "Эверест" мультфильмін бірден ұнатады: ол қызықты оқиғаларға, сүйкімді кейіпкерлерге, жарысқа және сиқырға толы. Оған қоса, мультфильм балаларды біраз нәрсеге үйретеді: отбасыны құрметтеу, мейірімділікке баулу, достарға көмектесу, мақсат қою және т.б.
Бұл мультфильмдегі көркем жерлер мен әдемі музыка балаларды да, ересектерді де таңғалдырып, өзіне баурап алады.
"Эверест" мультфилімін 3 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көре аласыздар. Күзде балалармен бірге көруге болатын басқа да мультфильмдер тізімін мына жерден оқи аласыздар.