Күні кеше ғана Алматыдағы Есентай молл ойын-сауық кешенінің IMAX залында осыдан 2 жыл бұрын, яғни, 2011 жылы жарыққа шыққан "Капитан Америка: Бірінші кек алушы" ("Captain America: The First Avenger") фильмінің сиквелі саналатын "Капитан Америка: Қысқы жауынгердің" алғашқы көрсетілімі өтті. Екіншінің алғашқыдан озық болуға ұмтылуы заңды құбылыс. "Капитан Америка: Қысқы жауынгер" де бұл дәстүрді бұзған жоқ. Көрермен көңілін жаулай алмаған алғашқысынан әлдеқайда сапалы, әлдеқайда тартымды, сергек. "Тор" мен "Темір адамнан" асып түскен тұстары жоқ емес.
Фильм басты шайқататын төбелестер, таңдай қақтыратын тапқырлықтар, жарылған көліктер мен қырғын атыс-шабысқа құрылған. Капитан Американың (Крис Эванс), Қара жесірдің (Скарлетт Йоханссон), Ник Фьюридің (Сэмюэл Л. Джексон) де көз қызықтыратын өз қолтаңбалары бар. Осы фильмде жаңадан қосылған Қыран да (Энтони Маки) көңілден шықты. Ұша алатын қабілеті бар, әзілқой, батыл, адал дос бейнесі блокбастерге жаңа серпін беріп тұр десек, артық емес.
Айтпақшы, осыған дейін "Marvel" компаниясының суперқаһармандар туралы басқа фильмдерінде "S.H.I.E.L.D." ұйымының басшысының рөлін сомдап келген Сэмюэл Л. Джексонның орнын Роберт Редфорд алмастырыпты.
Десе де, қырып-жою, оқ пен қан арасында достыққа деген адалдық, адамға деген сенім, сүйіспеншілік деген сезімдерге де орын табылған. Капитан Американың мақсатқа жетудегі жолына тосқауыл болған қатыгез Қысқы Солдаттың бұрынғы кеңес агенті екендігі мәлім болғанда фильм қыза түсті. Соңындағы екі достың бір-біріне деген жанашырлығы, адалдығы, жігіттігі сізді бейжай қалдырмайды деп ойлаймын.
"Капитан Америка: Қысқы жауынгер" фильмінде алғашқы бөлімдегі оқиғалардан екі жыл өткеннен кейінгілері баяндалады. Стив Роджерс (Крис Эванс) Вашингтон қаласында заманауи өмірге үйренісуге тырысып, қарапайым тұрмыс кешіп жүреді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін ажырата алмай адасып, тіпті, қандай іспен айналасатынын білмей жүрген капитанның өмірі "S.H.I.E.L.D." (Қалқан) ұйымына жасалған шабуылдан кейін күрт өзгере түседі. Өрмекші торына түскендей болған сарбаз есін жиып, жаһандық ауқымдағы апатты тоқтатуға бел буады. Бұл жолы ол Қара жесірмен күш біріктіреді. Екі батырға Қыранның да тигізген көмегі көп.
Marvel Studios пен Walt Disney Studios Motion Pictures ұсынған суперқаһармандар фильміне 170000000 $ қаржы жұмсалған. Ең алғашқы түсірілім жұмысы 2013 жылдың 1 сәуірінде Манхэттендегі "Raleigh Manhattan Beach Studios" киностудиясында басталған екен. Экшн көрініске толы фильмнің режиссерлері – ағайындылар Энтони Руссо және Джо Руссо. Туынды Қазақстанның 50-ге жуық кинотеатрында көрсетіледі.
Аталған фильмнің боевик, фантастика, экшн жанрындағы шытырман оқиғалы фильмдерді сүйіп көретін көрерменнің ықыласына бөленетіндігіне сенімім мол.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/tbayiPxkUMM","width":"450","height":"350"});
Автор: Айгерім Сматуллаева
Сурет: film.ru, moviez.su, kinopoisk.ru