Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың "Қап-қара адам" фильмі "Алтын глобус-2020" сыйлығының "Шетелдің үздік фильмі" номинациясына үміткерлер тізіміне енді. Бұл жүлдені Голливудтың шетел баспасөз қауымдастығы (HFPA) жыл сайын кино және телефильмдердегі үздік жұмыстар үшін табыстайды.
"Алтын глобус" сыйлығы Голливудта тұратын 90-ға жуық халықаралық журналистердің дауыс беру нәтижесі бойынша беріледі. Бұл жүлде кино қауымдастығында дәстүрлі түрде "Оскардан" кейінгі екінші беделді сыйлық саналады.
Режиссер Әділхан Ержановтың туындысымен қатар биылғы үміткерлер тізіміне Томас Уинтерберг, Агнешка Холланд, Андрей Кончаловский, Вернер Херцог, Маттео Гарроне, Хирокадзу Корэеда, Наоми Кавасе, Оливье Ассаяс және тағы басқа әлемдік кинематограф мэтрлерінің жаңа фильмдері енді.
"Менің ойымша, фильмнің бұл жүлдеге үміткерлер тізіміне енуі біздің продюсерлеріміздің жақсы жұмысының жемісі. Бұл ең алдымен олардың еңбегі. Сонымен бірге "Қап-қара адам" командасын да құттықтаймын. Мен біздің бірлескен еңбегіміздің назардан тыс қалмағанына өте қуаныштымын", - дейді режиссер .
"Қап-қара адам" картинасын Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Astana Film Fund (Қазақстан) компаниясы түсірген. Басты рөлдерді Данияр Алшынов, Динара Бақтыбаева және Теоман Хос сомдады.
Фильмнің әлемдік премьерасы былтыр қыркүйекте Испанияда өтті. Картина Сан Себастьяндағы 67-ші Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді. 2019 жылдың қараша айында Әділхан Ержанов "Қап-қара адам" фильміндегі жұмысы үшін "Үздік режиссер" номинациясы бойынша "Asia Pacific Screen Awards -2019" (Азиялық "Оскар") сыйлығына ие болған.
Сонымен бірге, 2020 жылдың күзінде фильм Францияда прокатқа шығып, бұл елдің ірі қалаларындағы 60 кинотеатрда көрсетілді. Ал жақында Ресейде өткен "Киношок" кинофестивалінде фильм "Үздік режиссер" (Әділхан Ержанов) және "Үздік актер" (Данияр Алшынов) санаттарында марапатқа ие болды.