- Негізгі бет
- Кино
- Канн фестивалі: Цой...
Канн фестивалі: Цой туралы фильмге батыс басылымдары берген баға
Өнер саласында аса беделді Канн кинофестивалінің конкурстық бағдарламасында бақ сынайтын картиналар қатарындағы "Жаз" ("Лето") атты фильм алғашқылардың бірі болып көрсетілді. Ресейлік режиссер Кирилл Серебренниковтің Виктор Цойға арнаған туындысына қатысты жюри мен сыншылардың қандай пікір білдіргенін білгісі келіп отырғандар саны аз емес. Батыстың ірі басылымдарында жарияланған мақалаларға тоқталмас бұрын картина туралы анықтамалық ақпарат бере кетейік.
Музыкант Виктор Цойды Тео Ю (Teo Yoo) есімді корей актері сомдап шыққан. Ол әлем жұртшылығынан атақты режиссер Ким Ки Дуктың «Бірінен соң бірі» атты картинасы арқылы танымал. Фильмге «рок, махаббат және достық туралы ертегі» деген слоган берілген.
Сюжет. 1981 жыл. Ленинград. Виктор Цой Алексей Рыбин, Олег Валинский есімді достарымен «Гарин и Гиперболоиды» атты топ құрады. Кейін музыкалық ұжым атауы «Кино» деп өзгертіледі. Осы оқиғадан кейін Цойдың әндері хитқа айналып, олардың концерттерінде стадиондар лық толатын болады. Ал, апаттан кейін ұлы рокер есімі сквер, көше, тіпті, астероидқа да беріледі. Бірақ, фильм әлі атақтың иісін де сезбеген Цойды көрсетеді. Онда Витяның электричкаларда ән салып жүрген шағы сипатталған.
Картина авторының айтуы бойынша, сюжет музыкант биографиясында осы күнге дейін белгісіз болып келген деректерді де жариялайды екен.
“Жаз”— эпизодтары елең еткізбейтін, санаулы ғана есте қаларлық кадрдан құралған фильм. Ішінде бір-екі ақ керемет әні бар музыкалық альбом секілді.
Британияның The Guardian газетіне шыққан мақала авторы, сыншы Питер Брэдшоу фильмді 3 жұлдызға бағалады. Орташа, нейтралды нәтиже. Фильмде көрсетілетін дәуірдің көңіл-күйін беретін сюжетсіз дүниеге балайды. Сыншы Серебренниковтың советтік рок музыканттарды жасырын ғибадат етуші алғашқы христиандарға ұқсатып ұтымсыз көрсеткенін атап өтеді.
Қуанышымызға орай, “Жаз” картинасында музыканттар туралы байопиктерде кездесетін “сюжеттік шұңқырлар” жоқ. Бірнеше кадрлар арқылы советтік рок музыкадан бейхабар көрерменге киноны түсінуге мүмкіндік беретін есік аша білген.
Variety басылымындағы рецензия авторы Гай Лодж фильмінің халықаралық дистрибьюторлар жұмысын қиындататынын айтады. Лодж ойынша, режиссер көрерменнің картинаны түсіну-түсінбеуіне бас ауырпаған. Оның бар есіл-дерті сол дәуірдің атмосферасын беру болған. Сондай-ақ, рецензент фильм кейіпкерлері Серебренниковтың дәл қазіргі жағдайындағыдай күйде жүргенін атап өтеді. Олар да, үй қамауында отырған режиссер сынды шығармашылық еркіндікті аңсайды.
Лодж картинаны Сергей Соловьевтің «Асса» аталатын туындысы сынды эксперименттік жұмыс десе де, Тео Юдің актерлік харизмасын жоғары бағалады. Айтпақшы, The Guardian мен Variety басылымдары фильмде Дэвид Боуи, Игги Поп, The Beatles пен T-Rex сынды батыстық музыканттар шығармашылығынан алынған саундтректердің тым көп екенін жазады.
Оқиғаның өзгеше болып көрінуі Кирилл Серебренниковтың бақытқа жетсем деген құлшынысының арқасында болса керек.
Франциялық Le Monde басылымының сыншысы «Жаз» картинасынан шынайы достық пен таза сезімді көре алғанын айтады. Ол “Рома Зверь мен Ирина Старшенбаум өз кейіпкерлерінің күрделі болмысын, ал Тео Ю Виктор Цойдың аңғалдығын шебер жеткізе алған”- дейді. Бұл мақалада да музыкант биографиясын бейнелейтін картиналарға тән дәстүрлі, жаттанды дүниелер жоқ екеніне баса назар аударған.
Фильмнің көкірегіңе орнап алатын меланхолиялық атмосферасы соңғы кадрға дейін бәсеңдемейді.
Сыншы Питер Брэдшоу секілді 5 жұлдыздық жүйеден тек үшеуін ғана берген. Мұнда фильм сюжетінің өзара байланысы мен постмодернистік сәттердің нашарлығын атап өткен. Сондай-ақ, «фильмде шылым шегіп, шарап ішетін кадрлардың көптігі сонша, тіпті, оны қараудың өзінен денсаулығымды құртам ба деген ойда қалдым» - дейді автор. Қорыта келе, фильмнің советтік рок музыкадан хабары жоқ адамдар үшін танымдық маңызы болуы мүмкін екенін, десе де кей тұстары тым түсініксіз болғанын айтады.
Фильм 80-ші жылдар басындағы КСРО атмосферасын беруге тырысқан.
Өзге сыншылар секілді Лесли Фелперин де сюжет әлсіздігін атап өтеді. Алайда, атмосфера мен әдемілігіне тиісті бағасын берген. Автор Майк Науменконың жұбайының рөлін сомдаған Ирина Старшенбаумның харизмасына тәнті болған.
Бірақ, жоғарыдағы мақалаларда айтып өткендей, саундректің басым бөлігінің шетелдік болуы батыс көрермендері үшін “тұрпайы” көрінетінін де жасырмайды.
А. Оралқызы