- Негізгі бет
- Кино
- Канн — 2022:...
Канн — 2022: "Алтын пальма бұтағын" кім алды?
75-ші Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын» швед режиссері Рубен Эстлундтың «Мұң үштағаны»(Triangle of sadness) фильмі жеңіп алды.
Бұл 48 жастағы режиссердің Канн фестивалінде алған екінші жоғарғы марапаты. Ол өзінің алғашқы «Алтын пальма бұтағын» 2017 жылы "Шаршы" (The Square) фильмімен иеленді.
Фестивальдегі алғашқы көрсетілімінде көрермен фильмнің командасын сегіз минуттық ыстық қошеметпен қарсы алды. Жабылу салтанаты кезінде жоғары марапатқа ие болған фильм екінші рет көрсетілді. Пандемияға байланысты фильм түсірілімі екі рет үзілген екен.
Рубен Эстлунд — ең табысты швед режиссерлері мен сценаристерінің бірі. Бірқатар фильмдерде кинематограф, редактор болып та жұмыс істеді. "Мұң үштағанында" басты рөлдерді Харрис Дикинсон, оңтүстік африкалық модель және актриса Чарлби Дин және америкалық актер Вуди Харрелсон сомдады.
Гран-приді француз режиссері Клэр Денидің «Талтүстегі жұлдыздар» фильмі мен бельгиялық режиссер Лукас Донттың «Жақын» картинасы өзара бөлісті. Үздік режиссер ретінде оңтүстіккореялық режиссер Пак Чан Вук («Ажырасу шешімі») танылса, үздік актриса ирандық Зар Амир-Эбрахими («Қасиетті өрмекші») болды. «Үздік ер адам рөлі» жүлдесі оңтүстіккореялық актер Сон Канг Хоға «Делдал» берілді. Үздік сценарий үшін берілетін сыйлық Тарик Салех есімді шведке «Аспаннан түскен бала» фильмі үшін берілді. «Алтын камера» жүлдесі Райли Кио мен Джина Гаммеллдің «Жауынгер Пони» фильміне берілді. «Сегіз тау» фильмі үшін режиссерлер Феликс ван Грёнинген мен Шарлотта Вандермерш және «Эо» фильмі үшін Ежи Сколимовски қазылар алқасының арнайы жүлдесін алды.
Фестивальдің мерейтойына орай арнайы құрмет марапаты ағайынды Дарденндердің «Тори мен Локита» фильміне берілді.
А. Оралқызы