Биылғы фестиваль (14-25 мамыр аралығында өтеді) Канн марапатын бірнеше мәрте (1984, 1989, 1993, 2005) иеленген Джим Джармуштың жаңа "Өлгендер қайта өлмейді" (The Dead Don't Die) аталатын картинасымен басталады.
Киноға Билл Мюррей, Адам Драйвер, Хлоя Севиньи, Остин Батлер сынды актерлер мен әнші Селена Гомес қатысқан. Ең бастысы, джармуштық стильдегі фильмдерді ұнатушы көрермендердің сүйікті актрисасы Тильда Суинтон да бар.
"Алтын пальма бұтағы" үшін таласатын кино премьерасы 14 мамыр күні өтіп, сол сәттен бастап Франция кинотеатрларында көрсетіледі. Әлемдік премьера 14 маусымға бекітілген.
Джармуш алғаш рет 1984 жылы дебюттік фильмімен-ақ "Алтын камераны" ұтып алған болатын. Одан кейін де көптеген туындыларын осы фестиваль шеңберінде көрермен назарына ұсынған еді.
Шыны керек, Батыс басылымдары инсайдерлер берген мәліметке сүйеніп Фремо мен Netflix өкілдері Лос-Анджелесте келіссөздер жасағанын жазғанда Скорсезенің фильмі Каннды ашып, бас жүлдеге таласатынына үміт пайда болған еді. Бірақ, бұл кездесу нәтиже бермегенге ұқсайды.
Тьери Фремо былтыр "Ромадай" перспективті картинаны "уысынан шығарып алғанына" өкінген болса керек, биыл Мартиннің "Ирландиялық" (басты рөлдерді Роберт Де Ниро мен Аль Пачино сомдаған) аталатын картинасының премьерасын Канн фестінің аясында өткізуді көздегенге саяды. Мартин Скорсезе режиссерлік мансабын осы Каннда бастаған. Бірақ, картина мамыр айына дейін дайын болмайды екен. Демек, ол да Венеция кинофестивалінде көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетейік, былтырғы 71-ші Канн кинофестивалін иран режиссері Асгар Фархадидің "Бәрі біледі" аталатын психологиялық триллері ашқан болатын. Фархадидің туындысы ең беделді фестивальді ашу құрметіне ие болған испан тіліндегі екінші картина болды. Алғаш рет мұндай мәртебе 2004 жылы Педро Альмодовардың "Жаман тәрбие (үлгі)" фильміне бұйырған болатын.
"Бәрі біледі" картинасының сюжеті Буэнос-Айрестен Мадридке саяхатап келген ерлі-зайыпты мен балаларының алдынан шығатын жағымсыз оқиғалар төңірегінде өрбиді. Басты рөлдерді актерлік харизмасына ешкім күмән келтірмейтін, сондай-ақ өзара үйлесімді дуэт Хавьер Бардем мен Пенелопа Крус сомдады.
Бұл фильмнің таңдалуы фестивальдің арт-директоры Тьерри Фремоның белгілі актерлер жұмылдырылған картинаға басымдық беру тенденциясына сай келген болатын.