- Негізгі бет
- Кино
- Канн – 2019:...
Канн – 2019: "Ерекше көзқарасты" бастайтын Надин Лабаки деген кім?
Былтырғы Канн кинофестивалі есіңізде ме? "Алтын пальма бұтағын" жапониялық Хирокадзу Корээданың "Дүкен ұрылары" фильмі алса, әділқазылар алқасының арнайы сыйлығына ливандық кинематографист Надин Лабакидің "Капернаум" картинасы лайық деп танылды. Араға жарты жыл салып оның туындысы "Оскар", "Алтын глобус", BAFTA мен "Сезарға" ұсынылды. Бұл бүкіл киносүйер қауымды аузына қаратқан нағыз триумф болды!
Осы жетістіктердің ыстығы басылмай жатып Лабаки қайтадан Францияға жол тартпақ. Бұл жолы ол Канн фестивалі ұсынатын сыйлар қатарында маңыздылығы бойынша екінші орындағы "Ерекше көзқарас" аталымының тағдырын шешеді. Яғни, әділқазылар алқасының төрайымы. "Студент кезімде Каннға алғаш келгенім есімде. Сол кезде кинофестиваль туралы үлкен арман пайда болған. Мен үшін қол жетпес дүниедей көрінетін. Ал қазір әділқазылар алқасының төрайымы болғалы отырмын. Кейде өмір өзің ойлағаннан да үлкен сый жасап жатады ", - дейді Лабаки. Ал осы Надин Лабакидің кім екені сізге де қызық болса, мақаланың жалғасына назар салыңыз?
Лабаки өз елінде Superstar
Надин Лабаки Ливанда дүниеге келіп, сол жақта тәрбиеленген. Оның балалық шағы елдің ең қиын кезеңімен сәйкес келді. Онда 15 жыл (1975 пен 1990 жылдар аралығы) азаматтық соғыс болды. Жасөспірім кезінде жергілікті таланттар байқауына қатысып, хит әндерге клиптер түсірумен айналысқан. Бала әуестігі уақыт өте мамандыққа айналды. Ливанда Лабакиді режиссерден гөрі, клипмейкер ретінде таниды. Ол танымал араб әншілеріне бейнебаян түсіреді.
Надиннің кино әлеміне жасаған алғашқы қадамы сәтті болды. Университет бітірген жылы "11 Rue Pasteur" аталатын дипломдық жұмысы Парижде өткен араб киносының биенналесінде жеңіске жетті. Канндағы дебюті 2011 жылы "Біз қайда барамыз?" фильмімен басталған.
Осыған дейін төрт-ақ кино түсірген
"Капернаумда" Лабаки Зейн есімді баланың тағдырын көрсетеді. Бейруттағы адам төзгісіз өмір баланың еңбекке ерте араласуына себеп болады. Жасөсіпірім кезеңге әлі өтіп үлгермеген бала біреуге қасақана жарақаттағаны үшін түрмеге түседі, ал сот үкімін шығарарда ол өзін дүниеге әкелгені үшін ата-анасын соттауды сұрайды.
Лабаки бұған дейін тек 3 фильм түсірген. "Рио, мен сені сүйемін" туындысы сыншылар көңілінен шықпаса да, өзге екеуі ("Біз қайда барамыз?" бен "Карамель") Metacritic -те жоғары бағаға ие болды. Лабакидің ерекшелігі – оның Ливанды еш бүкпесіз суреттейтіндігі.
Лабаки әйел тағдырынан сыр шертеді
"Капернаумда" Зейннің қарындасын жасы жетпей тұрмысқа береді. Ал, басты кейіпкердің Эфиопиядан келген эмигрант танысы баласын тығып асырауға мәжбүр. Бұл картинада басты назарға кішкене сәбилердің жүрек дерті алынса да, әйел тағдырының қиындығы да қозғалады. Аталған мәселеге қатысты көзқарас Лабаки шығармашылығының алғашқы сатыларынан-ақ байқалды. "Біз қайда барамыз?" толықтай Таяу Шығыс пен Ливандағы мәнсіз қырғындардың нәзік жандылар көңіліне түсіретін дағы мен тағдыр тәлкегін баяндайды. "Карамель" де мұсылман елдеріндегі әйелдер мәселесін көтереді. Оған Empire басылымының журналисті "Голливудтан алшақ әлемдегі әйелдер өмірін бейнелейтін әсерлі картина" деген баға берген.
Надин болса: "Мен өзімді әйелдер құқығы жолындағы күрескер деп есептемеймін. Көрермендерім үшін шын өмірден ажырата алмастай шебер фильм түсіргісі келетін суреткер ғанамын", - депті The New Yorker басылымына берген сұхбатында.
А. Оралқызы