Мексикалық кинорежиссер Алехандро Гонсалес Иньярриту Канн кинофестивалі әділқазылар алқасының төрағасы болып тағайындалды.
Birdman және The revenant картиналары үшін "Оскар" лауреаты атанған Иньярритудің Канн кинофестивалімен байланысы да осал емес. Бұлай дейтін себебіміз, оның сонау 2000 жылы ұсынған дебюттік фильмінің өзі осындай беделді бәйгеде бақ сынаған. Соңғы рет осыдан 2 жыл бұрын "Carne y Arena" ("Тән мен құм") туындысымен іріктеуден өткен еді.
"Канн фестивалі менің мансабымның алғашқы сатысынан-ақ маңызды болды. Биыл әділқазылар алқасының төрағасы ретінде бұл шараға қайта оралатыныма сене алар емеспін. Кинематограф осы ғаламшардың әр тамырынан ағады, ал бұл фестиваль қашан да оның жүрегі боп қала бермек. Мен туындыларды бағалауға шын құлшыныспен әрі үлкен жауапкершілікпен кірісемін",- деді режиссер.
Естеріңізге сала кетейік, 72-Канн фестивалі мамырдың14-і мен 25-і аралығында өтеді.