17 қыркүйекте әлемдік Netflix стриминг компаниясы Оңтүстік Кореялық "Кальмар ойыны" (Squid game) атты сериалын көпшілікке ұсынды. Небәрі 9 бөлімнен тұратын сериал тұсаукесерден кейін бірден ТОП-10 тізіміне енді. Алғашқы төрт күн ішінде Netflix үздіктерінің ондығында көш бастады.
"Кальмар ойындары" деген не?
"Кальмар ойындарын" көрген киномандар оны әйгілі "Аштар ойыны" (The Hunger Games) және "Биллді өлтіру" (Kill Bill) фильмдеріне ұқсатып, солардың біріккен нұсқасына келеді деп пікір қалдырып жатыр. Соған қарамастан, сериал ерекшелігімен тәнті етіп, тик-ток әлеуметтік желісіндегі жаңа трендтер басталуына себеп болды.
Балалық шақпен астатасатын ойындар тобы барлық аймақта кездеседі. Тіпті кей мемлекеттердің балаларға арналған ойындары бір-біріне ұқсап жатады. Командалық ойын болсын, жеке ойын болсын жеңілгені ойыннан шығады. Автор дәл осы идеяны негізге ала отырып, ересектерге арналған балалар ойынын ұйымдастырады.
Netflix сайтындағы сипаттамада "Өмірден алары қалмаған, күнделікті өмірі қарызға ақша алудан басталатын бірнеше адам балалар ойынына қатысуға шақырту алады. Жеңімпазды қомақты сыйақы күтіп түр, өтемі де ауыр",— делінген.
Сюжеті:
Өмірде қарызға белшесінен батқан 456 адам ешкім білмейтін, жұмбақ ойынға қатысуға шақырту алады. Олар 38,5 миллион АҚШ долларын ұтып алу үшін өз өмірін қауіпке тігеді. Алғашында ойынның құны өз өмірі екенін түсінбей келеді. Бірақ екінші рет олар ойынға қатысуға, ұтылса өлімді сол күйінде қабылдайтынына келіседі. Өйткені шынайы өмірдің өзі бейтаныс аймақтан еш айырмасы жоғын түсінеді. Сериалдағы бас кейіпкерлерді Ли Чон Чжэ, Пак Хэ Су, Хо Ён Чжон, Хо Сон Тэ, Ким Чжу Рён, Анупам Трипати және Ли Ю Ми сынды атақты актерлер сомдайды.
Сериалды көруге кіріспес бұрын нені білу керек?
1. "Кальмар ойындарында" қантөгіс сахналары көп.
"Кальмар ойындарын" қан, жауыздық пен қорқынышты сахналарды жаны сүйетін және қарай алатын жандарға ғана көруді ұсынамыз. Сериал трейлерінде қатыгездік пен жауыздыққа толы сахналардың аз ғана бөлігі көрсетіледі. Ал сериалдағы ойын кезінде одан көп қан төгіледі.
2. Сериал екі жыл бұрын басқа атаумен таныстырылған еді.
Netflix алғаш рет 2019 жылы күзде режиссер Хван Дон Хёк жаңа кәріс сериалын ұсынатынын және оның атауы "Round Six" деп аталатынын баспасөз жиынында хабралған болатын.
Жиында сериал сюжеті бойынша жүздеген адам белгісіз жерде қамалап, кезең-кезеңнен өтетіні, біреуі аман қалмайынша ойын жалғасатыны айтылған болатын. Жарыстар 1970-1980 жылдары Кореяда танымал болған балалар ойын негізінде дайындалатыны да сөз етілген еді.
3. Осындай ойындарға қатыссам, қандай сезімде болар едім деген режиссердің қиялынан туған.
Сериалды атақты "Аштар ойыны" (The Hunger Games) фильмімен салыстырады. Дегенмен Хван Variety басылымына берген сұхбатында аталған шоу 2008 жылы фильм ретінде жоспарланғанын айтқан еді.
"Мен жапон анимациясы мен мангаларынан шабыт алғанымды мойындаймын", - дейді ол. "Сценарий жаза бастағанымда өзімде де қаржы жағынан мәселелер болатын. Комикстерге уақытымды арнадым, соның ішінде "Патшалар шайқасын" оқыдым. Егер дәл сондай ойындарға қатысу мүмкіндігі туса, не істер едім деп ойладым. Бірақ мен үшін ол ойындар өте қиын көрінді, сондықтан балалар ойынына назар аудардым".
Идеяны дамыту туралы Хван Soompi басылымына берген сұхбатында: "Бала кезімізде ойнаған ойындарға деген сағыныш пен бүгінде ересектер сезінетін үздіксіз бәсекелестік сезімін біріктіре отырып, жаңа бір сезім түрін жеткізгім келді",— дейді. "Біздің пәк, ғажайып естелігіміз бір-ақ сәтте қорқынышты шындыққа айналып кетуінің өзінде бір мән бар", - дейді ол.
"Кальмар ойынында" қандай ойындар ойнатылды?
Алғашқы ойын - "Red Light Green Light" деп аталады. Көптеген мемлекетте балалар арасында танымал болған ойын түрі. Атауы басқаша болуы мүмкін, бірақ идеясы бір. Бір адам артқа бұрылады, ол көрмей тұрғанда басқа ойыншылар мәреге дейін жетуі керек. Артқа бұрылған бас ойыншы санауды аяқтап, бұрылғанда ойыншылар қатып қалады. Кім қозғалады, сол ойыннан шығады.
Екінші ойында қайнатылған балдан немесе қанттан жасалған бәліштерден белгілі бір пішінді сындырмастан кесіп алуы керек.
Үшінші ойында ойыншылар 10 адамнан екі командаға бөлінеді. Олар бұл жолы арқан тартысады.
Төртінші ойында ойыншылар өзара жұптасады. Әрқайсысына 10 кішкене шар беріледі. Оларға өзара ойын ойнау тапсырылады, жеңілген адам барлық шарды қарсыласына беруі керек. Кім толық 20 шарды алады, сол келесі кезеңге өтеді.
Бесінші ойында қатысушылар 1-ден 16-ға дейін санды таңдайды. Кейін оларға сол рет бойынша көпірден өтетіні хабарланады. Дегенмен көпір әйнектерден тұрады, бірі қалың, енді бірі жұқа. Ойыншылар секіріп өту керек. Сериал барысында аталған ойынның біздің елдегі танымал ойындардың бірі "Мак" ойынына ұқсайтынын байқайсыз.
Соңғы ойын – бас кейіпкерлер Ги Хун мен Сан У бала кездерінде ойнаған "Кальмар ойыны".
Сіз "Кальмар ойынын"көрдіңіз бе?