Walt Disney студиясының «Қаһармандар қаласы» (Big Hero 6) анимациялық туындысы 2014 жылдың ең табысты мультфильмі атанды, деп жазады 24.kz.
Оның прокаттан жинаған табысы 621 миллион долларды құраған. Variety басылымының хабарлауынша, бұл анимациялық картинаның кассасы Солтүстік Американың өзінде 221 миллион доллар жинаған. Ал дүниежүзі бойынша «Қаһармандар қаласын» ең көп көрген ел Қытай (43 миллион доллар) болып шықты. Одан кейін Ұлыбритания (28 миллион доллар) мен Оңтүстік Корея (19 миллион доллар) келеді.
Үш өлшемді «Қаһармандар қаласы» атты картина экранға өткен жылдың қазан-қараша айларында шыққан еді. Ол Marvel-дің осыған дейін аса танымал болмай келген комикстеріне негізделген. Мультфильм қауіпті де күрделі тапсырманы орындау үшін біріккен Хиро атты балақай мен оның Бэймакс атты роботы және олардың жақтастары туралы оқиғаға негізделіп түсірілген.
Сондай-ақ лента 2015 жылы «Ең үздік толық метражды анимациялық фильм» аталымы бойынша «Оскар» жүлдесін де жеңіп алған еді.
Сурет: startfilm.ru