- Негізгі бет
- Кино
- Қаһармандар дәуірі: Шыны...
Қаһармандар дәуірі: Шыны сынған сәт
Осыдан 19 жыл бұрын жарыққа шыққан «Тіс батпас» (Неуязвимый) фильмінің басты кейіпкерлерін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бірақ, 2017 жылы ең танымал фильмдердің қатарына енген «Сплиттің» басты кейіпкері Кевин Крамбты (Джеймс Макэвой) бәрі жақсы біледі. Ол бұл жолы тағы да қыздардың жүрегін жараламақ. Айтпақшы, тек өмірде ғана емес фильмде де ол әлі еркіндікке керуен құрып, бұрынғыша бойжеткендерді ұрлайтын әдетін тоқтата қоймады. Бұл екі фильмнің бір-біріне қандай қатысы бар деп ойлар отырған шығарсыз? Ендеше, бүгін біз ешкім байқамаған байланысты түсіндіреміз:
«Тіс батпас» (Неуязвимый):
2000 жылы М. Найт Шьямалан қаһармандар мен комикстердің негізінде жаңа фильмді өмірге алып келеді. Басты рөлдерді Брюс Уиллис пен Сэмюэл Л. Джексон есімді атақты актерлер сомдайды.
Фильм темір жол апатында еш жарақат алмаған әрі жалғыз аман қалған Дэвид Данның өмірін сипаттаудан басталады. Оның сыры тек бір адамға ғана мәлім: Элайджо Прайс (Шыны мырза). Элайджоның Даннан ерекшелігі оның сүйектері өте әлсіз, кез келген соққы түрлі сынықтарға себепші болады. Дегенмен, Элайджо Даннға оның ерекшелігі адамдарға қол ұшын созуға септігін тигізетінін түсіндіреді. Осылайша, қарапайым өмір сүріп жатқан Данның өмірі бір-ақ сәтте өзгеріп шығады. Ал, фильм аяқталар сәтте апаттың барлығы комикстарға сенетін, шыны секілді сүйегі шытынай беретін, өмір бойы ешқашан жарақаттанбайтын антипод іздеген Элайджоның құйтырқы жоспары екені мәлім болады.
«Сплит»:
Әлемде адам сенгісіз нәрсе көп: адамзат баласы дерт деп есептесе, сол дертке шалдыққандар үшін ол ерекше қабілет болуы да мүмкін. Тарихта психиатрия саласында мынадай жайт кездескен: Билли Миллиган есімді қылмыскерді бақылау барысында оның денесінде Биллиден бөлек 24 адам өмір сүретіні анықталған: олардың жынысы, жасы, мінезі, болмысы әр түрлі. Дәл осы авторлар оқиғаны «Сплит» фильмінің оқиға желісіне арқау етеді. Кевин Крамбтың ішінде 24 адам өмір сүреді. Бірақ, олардың ішінде ең күштісі – «Хайуан» (Зверь) ғана. Оқиғаның әрі өрбуіне де осы кейіпкер себепші болмақ.
Енді «Шыны» (Стекло) не туралы?
Барлық кейіпкерлердің басын қосатын уақыт туған сияқты. Фильм режиссері әрі сценариін жазған Шьямалан «Сплиттің» соңында оқиға әрі қарай жалғасады деген «кілттік» оқиғаны берген болатын. Тіпті, келесі фильмнің де аты аталады. Аты шықпаған ерекше адамдардың басын бір нәрсе біріктіреді: психиатриялық емхана. «Супер қаһармандардың» ісін зерттеуге Элли Сттейпл (Сара Полсон) атты психиатр кіріседі. Оның ойынша, олардың көзқарасындағы ерекше қабілет ұғымы жоқ: бар болғаны олардың миында кінәрат бар. Данн және Крамб психиатрдың айтқан теорияларын тыңдай келе, шынымен ешқандай қабілеттің жоғына, сеніп жүргендері тек қана олардың болжамдары екеніне сене бастайды. Бар қызық, «Шыны Мырза» іске кіріскенде басталады...
Тұсаукесер алды...
Marvel және DC дәуірінде қаһармандар туралы ауқымды нәрсе ойлау қиын, әрине. Әсіресе, оның кеңістігін қалыптастыру. Оған қоса, бір ғана автор жұмыс жасаса. Одан бөлек, қағаз нұсқасы жоқ, тек фильм ретінде жарыққа шығару бәрінен қиын. Дегенмен, Шьямалан қорқынышты жеңу жетістікке алып келетінін дәлелдегендей. Арасы 20 жылға үзілсе де, фильмдерді біріктіре отырып, олардың оқиға желісінің арасында өзара байланысты ұстап қалуға тырысады. «Шыны» фильмінің тұсаукесерін күткендер көп: тек тиімді мәре ғана емес, ауқымды әрі негізгі жұмыс екенін бәрі ұқса керек.
Фильм туралы:
«Шыны» фильмінде әрекеттер іш пыстарады. Оны мойындау керек. Фильм диалогтар негізінде құрылған, одан бөлек «үзіліс» өте көп. Актерлердің мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылмаған. Әрине, Макэвойдың бастан кешкендері, оның ішіндегі кейіпкерлердің – қараңғы мен жарық, ер мен әйел арасындағы өзара тайталас бұрынғыша адамдарға әсер қалдырғанымен, бұрынғы жартас сол жартас. Ал, Джексон болса фильмнің тең жартысында мүгедектер арбасына таңылып, бет-ауызын жыбырлатқаннан басқа ешнәрсе істемейді. Брюс Уиллистің кейіпкеріне қарныңыз тіптен ашуы мүмкін. Қаһарманға тән қабілет болғанымен, оның имиджі мен стилі қалыптасып үлгермегендей. Фильмнің шарықтау шегінде бейнеленген айқас та кәдімгі қаһармандар фильмінде көрсететін ашық алаңда немесе адамдар көп шоғырланған аймақта болмайды: қарапайым емхана алдында жүзеге асады.
Фильмге барғандардың көбі бар бармағын көтеріп «лүпіл» белгісін қоймаса да, «Сплитпен» салыстыруға келмейтінін, шикілік барын айтып жатыр.
Кинодағы ойларың кейбіреуі бұрыннан қалыптасқан, бүгінде ол көгеріп кеткені соншылықты «жүректі айнытады»: Ерекше адамның қалыптасуы үшін міндетті түрде бала кезде қиындықты бастан өткеруі тиіс. Мысалы, барлық супер қаһарамандардың ата-анасы қаза тапқан, балалық шағында үлкендерден қысым көрген. Бұл жерде де сол ой қайталанады.
«Шыны мырза» арқылы автор комикс – жұмбақ білімнің көзі іспеттес, уақыттыөзге кеңістігінен келген хабар дегенді айтады. Бүгінде комикс – табыс көзі.
Ағылшын тілді сыншылар Шьямаланның бұл жолғы еңбегін тағы да бірлесе отырып, көме салды. Бірақ, автордың бұғаннан әбден үйренгені анық: өмір бақи бірде құлап, бірде қайта тұрумен келеді. Керісінше, сын авторға күш беретін секілді. Өзі айтқандай: ойлау жүйесінің шекарасына ешкім тосқауыл бола алмайды. Шьямалан қайта оралады. Олардың қаһармандары да... Сенейік.