Қаһарман қыздардың хикаясы

Қаһарман қыздардың хикаясы
Фото: kinonews.ru

29 сәуір күні Bekmambetov кинотеатрында Meloman компаниясының ұйымдастыруымен, Жеңіс күніне орай түсірілген «А зори здесь тихие...» фильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Екінші дүниежүзілік соғыста болған шайқастарды бейнелейтін фильмдер қашанда өз көрерменін табады. Себебі шындыққа негізделген, халық батырларын тағы бір еске алып, дәріптейтін туындылар, мейлі ол фильм, мейлі роман, повесть болсын, үнемі қажеттілік тудырады.

Неліктен?

Себебі Ұлы Отан соғысы шайқастары жайлы ардагерлердің аузынан есту мүмкіндігі жылдан жылға азайып барады. Сұрапыл соғыс өткеннен бері батырларымыз туралы кітап жазған, кино түсірген адамдардың арқасында олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Осындай туындылардың бірі – ресейлік «А зори здесь тихие...» атты фильм. Ренат Давлетьяровтың жетекшілігімен түсірілген бұл фильм көрерменді ерекше сезімге бөлейді. 

Фильм Борис Васильевтің аттас повесі сюжетінің негізінде түсірілген. 1969 жылы шыққан бұл повесть оқырмандар арасында аса танымал. Оған 1972 жылы Станислав Ростоцкий, 2005 жылы қытайлық режиссер Мао Вэйнин фильм түсірген болатын. Театрларда да талай рет қойылымдар болып, 5 қыз бен командирлерінің тағдырын ұмыттырған емес.

«А зори здесь тихие...» туындысының сюжетіне келер болсақ, фильм 1942 жылғы оқиғаны суреттейді. 5 зенитші қыз бен командирі Федоттың бірнеше күндік өмірі көрсетіледі.

Фронттан шалғай жатқан ауылға немістер арнайы тағайындалған десанттарын жібереді. Олар темір жол мен каналды арнайы артиллериямен басып алмақ болады. Түнде кішкентай ұлына қашып барып жүрген кіші сержант Рита барлауда жүрген екі фашистті байқап, командиріне хабарлайды.

Жедел дабыл қағылып, өзімен бірге 5 қызды алып, немістердің ізіне түседі. Кітапсүйгіш Соня, қорқақтау Галя, аса зерек Лиза, ақылды Рита және батыл Женя өзіндік бейнесімен көрермен жүрегін жаулап алары сөзсіз.

Жеңілтек көрінген Женяның немістерге қарсы шабуылы, ержүрек іс әрекеттері адамды толғандырады. Жап-жас, кішкентай ғана нәзік 5 қыз 16 неміске қарсы тұрып, төтеп беруге дайын болады.

70-жылдары соғысқа қатысқан әйелдер туралы жазылмайтын еді. Ал негізінде Ұлы Отан соғысында 300.000-нан астам нәзік жанды көз жасын тыйып, қолына қару алып шайқасты.

Фильмнің техникалық жақтарына келетін болсақ, графика, түсірілім алаңы, спецэффекті бәрі-бәрі жоғары деңгейде дайындалған. Сценарий де тамаша ойластырылған. Әрине бұл Васильевтің қаламынан туған дүние, алайда біршама өзгерістер енгізіліп, негізгі идеяны жоғалтпай, күлкілі диалогтарды да орынды қосулары жоғары бағаға лайық.

Актерлік құрамға таңдалған әртістердің ойыны да көңілден шығады. Әсіресе Рита атты топ басшысы, кіші сержант рөлін ойнаған Ирина Шевчуктің ойыны көрермен жүрегін жаулайды. Соғыс тақырыбына түсірілген тағы бір жақсы туындылардың бірі - «Гетеры майора Соколова» сериалында Ирина басты кейіпкерлердің бірі болған еді. Екі туындыны да көрген адам екі кейіпкерді салыстыра отырып, біраз ұқсастық пен айырмашылықты аңғарары сөзсіз. Бұл сериал жайлы да біз алдағы уақытта сөз етеміз.

«А зори здесь тихие...» фильмі қазақстандық прокатқа 30 сәуір күні, яғни бүгін шығады.

Бүгінде киноиндустрияда соғысқа қатысқан әйелдер жайлы түсірілген фильм, сериалдар өтімді болып келеді. Бала сүюге жаралған нәзік жандылар үстіне әскери форма киіп, жауға шауып, құрбан болды. Ал олардың қайсыбірі «құрбан болғандардың» қатарына кіріп, қаншамасы енбей қалды.

Із-түссіз жоғалған әйел бүгінде бір үйдің ақ жаулықты әжесі болып, артында ұрпақ қалдырар еді. Сол себепті соғыстағы әйелдер жайлы фильмдерді шындыққа негіздеп те, қиялдан туғызып та жасау бізге аса қажет. Бұл тақырып өзектілігін ешқашан жоғалтпауы керек. 

Ата-бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпайық, ағайын!

Ұқсас жазбалар:

Отан үшін от кешкен аталарым

Бекмәмбетовтің фильмі өз шығынын америкалық прокатта еселеп қайтарды

Ф. Абилова