Мәскеу Кино үйінде Сергей Снежкин режиссерлік еткен «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің ресейлік премьерасы өтті. Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген «Елбасы жолы» эпопеясының бесінші бөлімі.
Ресейлік премьераға белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, ресейлік кино әлемінің майталмандары, ЖОО ұстаздары мен студенттері, сонымен қатар Қазақстаннан келген бір топ белгілі тұлғалар қатысты.
Премьера алдында түсірілім тобымен бірге пресс-конференция өтті. Сонымен қатар, пресс-конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ресей кинематографтар Одағының төрағасы Никита Михалков, фильм режиссері Сергей Снежкин, фильм продюсері Вячеслав Тельнов, басты рөлді сомдаған Берік Айтжанұлы және тағы басқа әртістер қатысты.
Фильм режиссері Сергей Снежкин ҚР Тұңғыш Президенті туралы түсірілген бесінші киноэпопеяның түсірілім жұмысы туралы кеңінен тарқатты:
– Бұл үш сағаттық эпикалық туынды қажырлы күшті талап етті, бұл фильмді шамамен екі жыл түсірдік. Қазақ, орыс, неміс, кәріс ұжымымен қатар америкалық, ұлыбританиялық, қытай және араб әртістерімен бірлесіп тер төктік. 26 сәуір күні Астанада өткен тұсаукесерде қуанышымда шек болмады. Себебі, зал толы көрермен осы туындыны аса қызығушылық танытып, ерекше ықыласпен қабылдады. Бұл туынды қазақ халқының жүрегіне жетіп, мақсат орындалғанының көрінісі. Менің естуімше, Қазақстанда осы фильмге деген қызығушылық артып келеді екен. Сонымен қатар, талқыға салынып жатыр деседі. Демек, фильм көрген адамды бейжай қалдырмады,– деп қуанышын жеткізді фильм режиссері, – Бұл туынды Қазақстанға деген, қазақ халқына деген, ел Президентіне деген сезімнен туған. Картинаның басты міндеті – қазақ типологиясындағы қазіргі көркем образды жасау және бұл образ қазақты танытатын, нақты әрі тарихқа айналатын тұлға. Нұрсұлтан Әбішұлы – өте ашық әрі адал адам,– деді. Сонымен қатар, режиссер «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің теледидарда көрсетілетін нұсқасы төрт бөлімнен тұратын сериал ретінде таратылатынын тілге тиек етті.
Ресей кинематографтар Одағының төрағасы Никита Михалков фильмнің көптеген қалада түсірілгені, онда бірнеше елден келген актерлердің қатысқанын ескере отырып, Еуропа елдерінің қарым-қатынасы артатынына баса назар аударды. Тіпті, болашақта «Оскар» сыйлығының аналогы ретінде кино әлемінің шығыстық үлгіде байқау ұйымдастыруды жоспарға алғанын айтты.
«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі 2015 жылдың маусым айынан 2016 жылға дейін түсірілген. Фильмнің жарты бөлімі Алматы қаласында, шахташылардың көтерілісі Қарағандыда, Горбочевтың егіс алқабына келуі Астанада түсірілген. Бір қызығы 1986 жылы Алматыда өткен Желтоқсан көтерілісі Алматының өзінде емес, қысқы Санкт-Петербургте түсірілген. Ал фильм эпизодына ұзын саны 600-ден астам адам қатысқан екен.
Фильмде басты рөлді сомдаған Берік Айтжанов қатты толқығанын айтты:
— Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін сомдау мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілігі ауыр міндет болды. Фильм режиссері Сергей Снежкинге және түсірілім тобына зор алғысымды білдіремін. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұлт көшбасшысының рөлінде ойнау мен үшін үлкен құрмет. Образды қалай ойнап шыққанымды білмеймін, бірақ мен бар күш-жігерімді осы фильмге арнадым,– деп ағынан жарылды.
Сұқбат алуға келген журналистердің сұрақтарына жауап беріп отырған қатысушылар пресс-конференцияда киноэпопеяның алдағы түсірілімдері туралы да сөз қозғады. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Елбасы жолы» киноэпопеясы алтыншы фильмінің түсірілімі жоспарда тұрғанын айтты. Бұл жолғы фильм Қазақстан астанасы – Астана қаласының құрылуы туралы болмақ.
Осыған дейін киноэпоепея «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен», «Теміртау» және «Тығырықтан жол тапқан» аты бөлімдері жарыққа шыққты. Фильмдердің режиссері Рүстем Әбдіраш ұлт көшбасшысының балалығы мен жастық шағын фильмге арқау етті.
Пресс-конференциядан кейін көрермендер фильмді тамашалады.
Суреттер сөйлесін: