Жұлдыз болу үшін салық төлеу

Лос-Анджелесте орналасқан голливудтық «Даңқ аллеясында» есімдері әлемге әйгілі актерлерге, музыканттарға, режиссерлерге, өзге де кино мен музыка саласының еңбек сіңірген тұлғаларға арналған жұлдыздар жасалғандығын барлығы біледі. 1980 жылдан бері жұлдыздарда есімдері жазылған адамдар салық төлейтін болған. Жиналған ақшаның көмегімен күніне миллиондаған адамның аяғының астында жатқан ескерткіштерді қалпына келтіріп отырады. Бастапқыда 2500 доллар болған салық 30000-ға дейін өскен. 

Аллея Вайн-стрит көшесінің бойында 15 орам (квартал) жерді алып жатыр. 1950 жылдан бері сол жерден орын алған 2,5 мың тұлғаның жұлдызын көру үшін әлемнің түкпірлерінен миллиондаған туристер барады.


Ол жерден орын алу да оңай емес. Ол үшін Майкл Джексон немесе Фрэнк Синатра секілді атақты ғана болып қоймай, қомақты ақша төлеу керек.


Ол жерден кинематографтар мен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген өмірде бар жұлдыздар ғана емес, ойдан шығарылған Шрек, Дональд Дак, Винни-Пух секілді мультфильм кейіпкерлері де орын алған. Мультфильмдер әлемінен ең алғаш 1978 жылы Микки Маус өз жұлдызына ие болған еді.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: umbr.ru