- Негізгі бет
- Кино
- "Жел қызы" фильмі...
"Жел қызы" фильмі
"Жел қызы" фильмінің режиссері – Жасұлан Пошанов 2010 жылғы «DIDAR» V Республикалық жастар кинофестивалінің бас жүлдегері. Аталған кинофестивальда «Алматы-Шымкент» комедиялық фильмі атауымен қатысып, бас жүлдені еншілеген. Кейіннен Жасұланның бұл комедиясы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудясының көңілінен шығып, қайта түсіруге ұсыныс жасайды. Фильмнің сценарийін жоғары бағалаған олар қаржылай көмек көрсетпек болады. Комедиялық фильмнің режиссері Жасұлан бұл ұсынысты қабылдап, «Production House 567» студиясы мен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудясымен бірлесіп отырып қайта түсіреді. Қаржылай көмек көрсетіліп жатқан соң, фильмді жаңа технологиялар мен заманауи құралдарды қолдана отырып жоғары деңгейде түсріп шығады. Кәмшат Мырзатаева, Дидар Оспанов, Саттар Ерубаев, Асхат Үрпеков, Дәулет Әріпов, Қылышбек Қасымбеков, Жұмағали Маханов, Дастан Қасымшал, Жанат Ниязбаев, Асан Қырқабақов, Әсет Нұрбек сынды дарынды жастар ойнайтын бұл комедиялық фильмнің ұзақтығы 80 минут. Тағы бір айта кетерлік нәрсе – фильмнің композиторы танымал жас әнші Ерболат Құдайбергенов. Комедиялық жанрда түсірілген бұл фильмнің тұсаукесері 2011 жылдың 13 қазан айында өткен болатын.
Бір ауылда өскен Кумка, Шегебек және Нұржан аттты үш дос біраз уақыт өткен соң, қалада кездеседі. Әке-шешесі қолқалап қоймаған соң, сүр бойдақ Кумка үйленуге бел буады. Бойдақтық өмірімен қоштасқысы келсе де, олай жасай алмайды. Өйткені Кумканың «Мен саған тұрмысқа шығам», - деп дайын отырған қалыңдығы жоқ-ты. Бар мәселе осында еді... Ондай қалыңдық болмағанымен, «қыз дайын болса, біз дайын» деп досының шашбауын көтеріп жүретін Шегебек пен Нұржан атты жолдастары бар. Олар бірлесіп жүріп, түнгі клубтан қыз іздейді де, "алдымыздан кездескен бірінші қыз Кумканың қалыңдығы болады" деп шешеді. Сөйтеді де, әбден қыз ұрлауға машықтанып қалған «ұрлықшылар» «қыз алып қашу операциясына» кіріседі. Алматы-Шымкент тас жолында темір тұлпар зымырап барады. Ішінде үш дос және Самал есімді қалыңдық. Қалыңдық қыз көнбей келеді. Жанында күйеусымақ болып Кумка отыр. Шарасыз ғой, қайтсін?.. Жалтырағын таз басына бірде болашақ жарының туфлиі «тоқ» етіп тиеді, бірде сөмкесі тиеді. Болашақ келіннің әкесі бір дөкей болып шығады да, «ұрлықшылардың» артына түседі. Оқиға солай өрби береді.
Қазақ кино саласындағы комедия жанрына ауыз толтырып айтралықтай пайдасын алып келген бұл фильм қазақ киносының қоржынын томпайтты. Режиссерлік бағытта тізгін алған жастар өнер жолында мүдірмесін тағы да бір дәлелдеді.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: afisha.today.kz, jam.kz, kazakhfilmstudios.kz
А. Әбілхан