- Негізгі бет
- Кино
- Жазғы аптап ыстық...
Жазғы аптап ыстық пен теңізден ескен бриз эстетикасын беретін 5 фильм #2
Күннің ыстығы мен теңіз самалының көркемдігін шебер бейнелейтін фильмдер тізімін тағы бір 5 кинокартинамен толықтырмақпыз. Ауа райы еңсеңізді түсіріп, мазаңызды алса, бұл фильмнің біреуін тамашалаңыз да, салқын сусын ішкендей сергіп қаласыз.
"Маусымның соңы", 2016
Ұзақтығы 23 минут. Қазақстанда түсірілген. Басты рөлдерде Роза Хайруллина және Дулыға Ақмолда ойнады. Кейіпкер Роза маусым соңында қаңырап бос қалған қонақ үйге келеді. Оған күйеуі иелік еткен. Сол жердегі күтпеген кездесу оның өмірін түбегейлі өзгертеді.
Бір қызығы, аталған туынды режиссері бухгалтерлік есеп мамандығын меңгерген, кейін Бизнес және Маркетинг Жоғарғы мектебінің магистранты болған Жаннат Алшанова біраз жылдар бойы өз саласы бойынша жұмыс істеп, 2011 жылы кино саласына ауысқан. Қазақ режиссері туындылары киноөндірісінде бағаланып, Канн (2018) мен Берлиналеге(2019) және шетелдің бірқатар байқауларына қатысты.
"Вики Кристина Барселона", 2008
Вуди Алленнің барлық фильмі сияқты, "Вики Кристина Барселона" да атмосферасымен және әдемі кадрларымен баурап алады. Фильм аты айтып тұрғандай Барселонада түсірілген. Қос құрбы қалаға турист боп келіп, ессіз ғашық болады. Скарлетт Йохансон, Хавьер Бардем мен Пенелопа Круздың жұлдызды актерлік құрамы сізді бірден баурап алады. Шығармашылық адамдарына міндетті түрде ұнайтын туынды. Оның үстіне, Вуди Алленнің есімі аталған жерде, картинаның мінсіз боларына ешкім шүбә келтіре алмайды. Сондықтан көп ойланбай, ғаламтордан іздей бастаңыз.
"Аранхуэстегі керемет күндер", 2016
Атақты режиссер Вим Вендерстің бұл туындысы әдебиет саласы бойынша Нобель лауреаты Петер Хандкенің поэтикалық пьесасы негізінде түсірілген.
Жаздың бір керемет күнінде жазушы жігіт Париж маңындағы шағын қалашық тұрғындарының әңгімесіне еріксіз куә болады. Оларға жақынырақ отырып, жазушы ерлі-зайыптылардың не туралы айтып жатқанын естиді. Жұп көрші-қолаңның, таныс-бауырларының жеке өмірлерін талқылап даурығады кеп. Жазушы әңгімеден естіген өсек-аяңға сүйеніп кітап жазуға бел буады.
Шынымен-ақ, жап-жасыл бақ, ер мен әйел, үстел үстіндегі алма... Мәңгілік тақырып...
"Ине", 1988
Кинотуынды Алматы мен Арал аймағынла түсірілген. Еліміздің тумасы Рашид Нугманов түсірген фильм кейіпкері ақ құмның ортасында қаусап тұрған кемеге баратын сцена кез келген адамның жүрегін өзіндік поэтикасымен жаулап алады. Аптап ыстық бұл картинада сондай көркем жеткізілген. Бұл туындының неге әлі актуалды екенін сұрағанымызда, режиссер:
Кадрда әдейі қай жыл екені байқалмайтын ракурстар таңдалды. Сондай-ақ, "Моро бұл қалаға не үшін келді?", "Оған Спартак қанша қарыз?", "Дина неге есірткіге әуес болды?" деген сияқты сұрақтардың жауаптарын да алып тастадық. Оған миллион себеп болуы мүмкін, бірақ одан мән өзгермейді. "Ине" – универсал туынды, мәңгілік сұрақтарға жауа іздейтін шығарма. Мүмкін, культті картинаға айналған себебі де осы шығар," - деген еді.
"Теңізім"
Тізім соңында ұсынып отырған туынды көркем емес, деректі фильм. Бірақ бұл жанрлық ерекшелігі ғана, әйтпесе, кадрларының көркемдігі еш күмән жоқ. Қазақстандық режиссер Катерина Суворованың «Теңізім» (Sea tomorrow) атты толықметражды деректі фильмі әлемдегі ең ірі стримингтік платформа саналатын Netflix-тен еуропаның 8 тілінде көрсетіліп жатыр.
Режиссер Арал теңізінің жағалауында түсірілген бұл фильмде теңіздің экологиялық жағдайынан гөрі, сол маңайда тұрып жатқан тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін сипаттағысы келгенін айтады. Бір қызығы, фильмді түсіруге Рашид Нұғымановтың әйгілі «Ине» киносы түрткі болған екен. Суреткерге Цой кейіпкерінің кемеге келетін сценасы хас сұлулығымен әсер еткен.
А. Оралқызы