Жауынгерлік рухты көтеретін қазақ фильмдері

Жауынгерлік рухты көтеретін қазақ фильмдері
Фото: ашық дереккөзден

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің көзі көп. Бірақ оны таба білудің де өз жөні бар. Отанды сүю отбасынан басталады. Одан кейінгі себеп – қоғамдағы әсер етуші факторлар мен көзқарастарда. Сондай әсердің бірі ретінде жауынгерлік рухты көтеретін фильмдерді айта кетуге болады.

Әскери тақырыптағы қазақ фильмдері көп емес. Десе де баршылық. Осыған дейін қазақ халқының жауынгерлік ерлігін дәріптейтін туындылар түсірілсе, кейінгі уақытта Кеңес пен қазіргі заман батырларына арналған фильмдер де түсіріле бастады. Мұндай фильмдердің жастардың бойына әскери-патриоттық рух сыйлап, қанаттандыра түсері анық. Елі үшін, жері үшін қасық қаны қалғанша аянбай тер төгіп, керек болса сол жолда жан қиған батыр бабалардың ерлігі – жас ұрпаққа үлгі, өнеге. Ал олар жайлы фильмдер түсіру – бүгінгі режиссерлердің бір мақсаты болса дейміз.

"Алтыншы бекет" (Шестой пост)

Бұл фильм 2018 жылдың наурыз айында жарыққа шықты. Болған оқиға негізінде түсірілген. Кинотуындыда 2010 жылдың 22 маусымы күні Ақтауда болған қанды оқиға мен сертіне адал сарбаз Ербол Отарбаевтың ерлігі баяндалады.

Алтыншы бекет фильмінің продюсері - кинематографист Данияр Ибрагимов. Фильм режиссері – Cерікбол Өтепбергенов. Фильм "АЮ Синема" кинокомпаниясы, "Хабар" агенттігі және ҚР Ұлттық ұланның қолдауымен түсірілген.

Бүгінгінің батырларын дәріптеу, оларды ел алдында құрметтеу – бір ұлылық. Олардың ерліктері жастарға үлгі болып, патриоттық сезімін оятары хақ. Алтыншы бекет кинотуындысы да осы мақсатта түсіріліп, Отанға адал, сертке берік, мақсатқа айқын қол созуға тәрбиелейді. Жастарды жат ағымның жетегінде кетпеуге шақырады. Достық пен махаббат, қайсарлық пен екіжүзділік, жалған сенім де бар.

Ақтаудағы оқиға кезінде жарақат алған Ерболға бірнеше рет ота жасалып, дәрігерлер аман алып қалды. Сауығып шыққаннан кейін ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Мәртебелі сыйлықты Елбасы табыстады.

"ҚазБат"

Қазақ – жауынгер халық. Ежелден-ақ елін, жерін ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап келді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де қазақ батырларының ерлігі ерекше болды. Ал тәуелсіздіктен бергі кезеңнің өзінде ерлік жасап, Отан үшін опат болған оғландарымыз аз емес... Соның бірі – 1995 жылы Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында қаза болған қазақ сарбаздары.

1995 жылдың 7 сәуірінде қазақ батальоны тәжік шекарасында қоршауға түсіп, 17 сарбазымыз ерлікпен қаза болды. 33-і жарақат алып, кейіннен 2-і дүние салды. Осы оқиғаға қатысты көркем фильм мен телесериал түсіріліп жұрт назарына ұсынылды. Қалың көрерменнің қошеметіне бөленді. Кинотуындыда сарбаздардың бір-біріне адал достығы, Отан алдындағы сертті бұзбауы, т.б. ерліктері баяндалады. Сондай-ақ осы бір оқиға мен сарбаздардың ерлігін көпшілік біле де бермейтін еді.

Фильм режиссері – Асқар Ұзабаев, продюсер – Данияр Ибрагимов. Фильмнің идеясын ұсынған – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов. Шынайы оқиға негізінде түсірілген көркем туындыны "АЮ СИНЕМА" кинокомпаниясы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қолдауымен түсірді.

"Кебенек" (телехикая)

Телехикаяда қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейдінің кебін киген Ауғанстан соғысы ардагерінің өмірі суреттеледі. Шынайы оқиға негізіндегі кинотуынды "Хабар" арнасының тапсырысы бойынша түсірілген. 2019 жылы жарыққа шықты.

Басты кейіпкер Жасұзақтың (Жасұзақ Құрақбайұлы) Ауған соғысында көрген қиындықтарымен басталады. Жау тылын бақылауға шыққан жауынгерлер зұлмат жарылысқа ұшырайды. Айналасы астан-кестен болған ұрыста Жасұзақ қатты жараланады. Шала жансар жатқан оны құтқарушылар тікұшаққа сыймайды деп, құжаттарын алып, өзін тастап кетеді. "Ойпырай, жат жерде қалғаным ба" деп ойлап үлгергенше, көкке көтерілген тікұшақ жарылып, көз алдында күл-талқан болады.

Сұрапыл оқиғадан кейін Жасұзақты әскери комисариат қаза тапты деп тіркеп, отбасына қара қағаз жібереді. Алайда әкесі ұлын жамандыққа қимайды. Әке жүрегі алдамапты. Ұзақ уақыт емделген Жасұзақ жарақаты жазылып, елге оралады. Оқ пен оттың ортасынан аман қалған оны жұрт "Кебенек" деп атап кетеді.

Телехикаяда басты рөлдерді Мейірғат Амангелдин, Фариза Ескермес, Ербол Семқұлов, Ержан Жырылқасынов, Алтынай Нөгербек, Амина Оразбай, Тамирис Жанғазинова және т.б. актерлар сомдайды.

"Томирис"

Ақан Сатаевтың бұл фильмі тарихтан сыр шертсе, бір шетінен жауынгерлік рух та сыйлайды. Бұрымды арулардың да теңдессіз ерлігін баяндайды. Кинотуынды 2019 жылдың күзінде жарыққа шықты. Халықаралық фестивальдерде жүлделі орындардан да көрінді.

"Томирис" фильмінде  біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады. Ол махаббат пен өз халқының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының патшасы Кирмен шайқасады.

Фильмге Ерік Жолжақсынов, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мурат Бисенбин, Азамат Сатыбалды,  Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов секілді еліміздің танымал кино жұлдыздары түсті. Кинотуынды кейіпкерлері көне түркі тілінде, ал парсы патшасы Кир көне парсы тілінде сөйлейді.

"Қасым"

Аты айтып тұрғандай бұл кинотуынды Екінші дүниежүзілік соғыста украин ормандарын кешіп есімі аңызға айналған батыр атамыз, марқұм Қасым Қайсеновтың өшпес даңқын әйгілеген. Фильмде аярлық, сатқындық, қорқатық, соның бәріне сілкініп қарсы тұрған кек, көз жасы, махаббат бар. Ең бастысы адам, адамның жандүниесі бар. Соның бәрі Қасымның айналасында өрбиді. 2013 жылы шыққан көркем фильм көрермендерін жігерлендіріп, жастарға әскери-патриоттық рух сыйлары анық.

Фильмге Қазақстанның, Украинаның, Ресейдің актерлері қатысқан. Режиссері -  Белозорович Леонид (белорус). Негізгі кейіпкерді сомдаған – Қуандық Қыстақбаев.

"Жаужүрек мың бала"

Ақан Сатаевтың фильмі тарихи кинотуынды болса да, жастарды әскери-патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуде мән-маңызы жоғары. Фильм бұрын-соңды тарихи жобаларды түсіріп көрмеген режиссердің тарихи тақырыптағы алғашқы қадамы.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде жауға қарсы шығып, ересек сарбаздармен бірге кең байтақ жері мен елін қорғауға өрелі мінезді өжет жастар бел буады. XVIII ғасырдың басында орын алған "Ақтабан шұбырынды" ұлы қайғысы мен қазақ халқының жоңғар халқымен болған соғысы көрініс табады. Тарих парақтарынан сыр шертетін шытырман оқиғада қазақтың ерлік көрсеткен ұл-қыздары мен батыр тұлғаларының болмысы бейнеленеді. Фильм соңында қазақ пен жоңғар тартысының аяқталуына ықпал еткен Аңырақай шайқасы көрсетіледі.

"Жаужүрек мың бала"  – әскери-патриоттық толықметражды экшн жанрының элементтері бар көркем фильм.

Әскери тақырыпқа тікелей қатысты кинотуындылар аз болғанмен, жауынгерлік рухты асыратын қазақ фильмдері мен телехикаялары аз емес. Бұл қатарға "Мәншүк туралы дастан", "Мергендер", "Бауыржан Момышұлы", "Десант", "Бекзат" және т.б. фильмдерді жатқызуға болады.

Н. Үсенова