Қазақ киносының алтын қорына енген "Жаужүрек мың бала" фильмі 90 күнде түсірілген болатын. Бұл жайында біз аталған фильм кеңінен баяндалған материалымызда айтып өткен едік. Тағы қайталап естеріңізге салсақ, әуелі фильмнің түсірілімі Қапшағай аумағында 2011 жылдың ақпан айында басталды. Көктемде Шарын шатқалында, кейін Қапал-Арасан өлкесінде түсірілді. Жаз мезгілінде түсірілім жұмыстары Қапшағай аумағында, Таңбалы Тас шатқалында жалғасты. Соңғы түсірілім жұмыстары Үлкен Алматы көлінде жүргізілді.
Фильмдегі басты шайқас – "Аңырақай шайқасын" 6 камера 9 күн түсірген. Оған мыңға жуық каскадер қатысқан. Соғыс сахнасының кеңесшісі – атақты қытайлық кинематографист Теди Чен болған.
Басты кейіпкерлер мен жанама актерлердің костюмдері арнайы тапсырыспен көне бағыттағы үлгімен тігілген. Жоңғар мен қазақ сарбаздары үшін оқа-әшекейлер, қару-жарақтар, сауыт-саймандары мен ат-әбзелдерін отандық шеберлермен қатар, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Беларусь компаниялары арнайы жасаған. Тарихи картина шынайы шығу үшін барлық реквизитер көне үлгіде жасалған. Фильм түсіру жұмыстары басталмай жатып, барлық актер атқа жайдақ міну, қару-жарақтарды ұстау, садақ ату т.с.с өнерлерден «Номад» каскадерлер тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновтан дәріс алған. Ақан Сатаевтің "Жаужүрек мың бала" фильмінде ұлттық киімдер адамның жас ерекшелігіне қарай сауатты түрде қолданылған.
Түсірілім алаңынан қызықты суреттер ұсынамыз.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: kino24.kz, vk.com