Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясының жақында ғана жарыққа шығарған 2012 жылдың ең ірі жобасы «Жаужүрек Мың бала» фильмі алғашқы көрсетілімнен бастап, рекордты көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жағдай.
«Жаужүрек мың бала» фильмі алғашқы көрсетілімнен-ақ, (3-6 мамыр аралығында) 1 миллион долларға жуық қаржы жинады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет қазақ киносы аз уақыт ішінде 147 миллион 600 мың теңге пайда тапты. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштердің саны артады деген болжам жасалуда.
Сондай-ақ, фильмнің қосымша тапсырыс берушілердің саны көбеюде. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ кинотеатрларға фильмді 70% қазақ тілінде, 30% орыс тілінде ұсынған болатын. Алайда, кинотеатр басшылығы шетел фильмдерін орыс тілінде көруді әдетке айналдырған көрермендерін жоғалтып алудан қорқып, фильмнің 30 данасын орыс тілінде, 21 данасын ғана қазақ тілінде шығарды.
Әуелгі бастан фильм қазақ тілінде түсірілген еді. Мұны ескерген «Қазақфильм» киностудиясы кинотеатр өкілдерімен келісе отырып, «Жаужүрек Мың бала» киносының қазақ тіліндегі нұсқасының санын арттыру туралы шешімге келді. Оның үстіне көрермен қауым тарапынан фильмнің түпнұсқасына, яғни қазақ тіліндегі көрсетіліміне деген үлкен сұраныс бар. Киностудияның баспасөз өкілдерінің мәліметтері бойынша, еліміздің барлық кинотеатрларында фильмнің көрсетілімі кезінде ине шаншар жер болған жоқ. Көрермен қауым ұзын-сонар кезекке тұрып, көрсетілімге билеттерді алдын ала сатып алды. Себебі, фильм қазіргі заманның сұранысына әбден лайық. Үлкен сұраныстың нәтижесінде режиссер Ақан Сатаев пен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясы бірлесе жасаған туындының қазақ тіліндегі нұсқасының саны көбеюде.
Қазақ халқының рухын көтеріп, атын асқақтататын «Жаужүрек мың бала» фильмі әлі үш аптадай еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетілетін болады.
Сурет: kino.kz