Бүгін, 22 қыркүйек күні "Bekmambetov Cinema" кинотеатрында "Жат" отандық фильмінің көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ермек Тұрсыновтың бұл фильмі Торонтода өткен Contemporary world cinema бағдарламасының аясындағы халықаралық кинофестивальде көрсетілді. Ермек сол фестивальден қайту жолында. Фильм көптің көңілінен шыққанын Қанат Төребай (фильмнің продюсері) айтып бөлісті.
"Жат" фильмінің сценарийін Тұрсынов осыдан 25 жыл бұрын Мәскеуде оқып жүргенде дипломдық жұмыс үшін жазған еді.
Фильмнің сюжетінде Ілияс атты бала 1930-жылдары тауға кетіп, өмір сүреді. Әкесі айдауға кеткен соң, керек жарағын жинап, тауға кетеді. Қоғаммен қарым-қатынасын күрт үзіп жібермейді. Жақындарына ет, аң терісін әкеліп, қамқор болады.
Картина баяны шын өмірден алынғаны белгілі. Фильмнің продюсері Қанат Төребай: «Ермек екеуіміз түсірілім алдында бас кейіпкердің зиратына барғанбыз. Онымен таныс болған адамдармен сөйлескенбіз. Ол отызыншы жылдары тауға кетіп, өмірін сол жақта өткізді. Адамдармен байланысты түбегейлі үзбегенімен, өмірін жалғыз өткізді», - деп бөлісті.
Фильмде адам өмірі, жалғыздық туралы терең философиялық ой жатыр. Ермек Тұрсынов көрермендерін толғандырғаны сөзсіз.
Фильмнің түсірілімі 2014 жылдың қарашасында аяқталған еді. Басты рөлді Ержан Нұрымбет сомдады. Сонымен қатар фильмде Ерболат Тоғұзақов, Элина Абайқызы, Қуандық Қыстықбаев, Александр Карпов, Роза Хайруллина сынды актерлер ойнады. Фильмнің композиторы – Қуат Шілдебай. "Жат" картинасы Оскар жүлдесіне де ұсынылған еді.
"Жат" картинасында тау ұлы 60-жылдар шамасында ауруға шалдығып қайтыс болса, шын мәнінде 2002 жылға дейін өмір сүрген еді.
Фильмнің продюсері Қанат Төребай Массагет тілшісіне сұхбат берді:
Картинаның сапасы, графикасы, сценарийі, актерлер ойыны, музыкасы көрерменнің көңілінен шығары сөзсіз. Актерлер таза қазақ тілінде сөйлеп шығады. Сөйлеу мәнерлері, сөз саптаулары, дауыс ырғақтарына айтар сын, көрсетер мін жоқ. Үнсіз кадрлардағы актерелердің эмоция арқылы көрерменмен тілдесуі сәтті шықты.
Қорыта келгенде, фильмнің Торонтоға дейін барып, Оскар жүлдесіне ұсынылуына себебі де, мүмкіндігі де бар.
Фильмнің соңында орыс Ыбырай шал Ілиястың жансыз денесін көрген соң, тауға қарай беттеп, тізерлеп отырып "Иә, Алла, неге бостандықты көпсінесің..." деп орысшалап күбірлеп отырды. Бұл - фильмдегі ең есте қаларлық, мықты, маңызды эпизод.
Фильмде Ілиястың табиғатпен тығыз байланысы, адами қасиеттерінің көрінісі тамаша бейнеленген. Егер өзгелер ашаршылық. жоқшылық, соғыс салдарынан кейін қатігез, ашушаң, қорқақ болып кетсе, тауда жалғыз өмір сүріп, ешкіммен араласпауға тырысқан Ілияс мейірімді, намысқой, сабырлы адам болып қалыптасады.
Демек, адамдар қоғамда өмір сүріп, қатыгез болып кете ме? Ал табиғат арасында аң аулап, күн көретін жанның адамгершілігі мол, мейірімді болуы мүмкін бе? Сіз қалай ойлайсыз?