- Негізгі бет
- Кино
- Жаңа қарқындағы жастар...
Жаңа қарқындағы жастар киносы
Бүгінгі қазақ киносы қандай бағыт-бағдарда дамуда? Жас режиссерлердің оған қосып жатқан үлесі қандай?!
Соңғы жылдары қазақ кинематографиясындағы әр жанр мен түрлі бағыттарда жұмыс істеп, белсенділік танытып келе жатқан жас режиссерлердің шығармашылығымен қаншалықты таныссыз?
Осындай мәселелер төңірегінде 2 наурыз күні М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жас ғалымдар ұйымы «Театр және кино» бөлімінің қатысумен «Бүгінгі жастар киносының жаңа сипаты: бағыттар мен ізденістер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Оған еліміздегі Гүлнар Әбікеева, Дәрежан Өмірбаев, Гүлзат Көбек, Баубек Нөгербек, Ринат Қосай, Снежана Баймұханова, Әннас Бағдат, Әлімақын Жанболат, Ерлан Сұлухан сынды белді киномамандар мен әлемдік кинофестивальдерде үздік жұмыстарымен көзге түсіп жүрген жас кинематографистер, атап айтқанда, Берік Жаханов, Дархан Төлегенов қатысып, бүгінгі жастар киносы туралы біраз келелі ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, жас режиссерлердің туындылары мен олардың ұстанған бағыт-бағдары талқыланды.
Дөңгелек үстел қатысушылары қазіргі жастар киносының даму үрдістері мен жас кинематографистердің ұстанған бағыт-бағдарын анықтап, олардың түсірген фильмдерін әлемдік тәжірибе бойынша бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдарын қарастырды.
Отырыстың алдын-ала жоспары бойынша бірінші бөлімде тақырып аясында видео-баяндама, екінші бөлімде қызу пікірталастар өрбіді. Жиын соңында Нью-Йорк киноакадемиясының небәрі бірінші курс студенті болғанына қарамастан, талай сыншыларды таңдай қақтырып үлгерген А.Сейітовтің «Шакал» қысқаметрлі кинокартинасы көрсетілді.
Осылайша жиналған киносыншылар қазақ киносының болашағы туралы біраз түйткілді мәселелердің басын қайырып, үздік көрініп жүрген жас режиссерлердің арқасынан қағуды да ұмытпады.
А. Оралқызы