Жаңа жылда көретін кинокартиналар: Massaget оқырмандары ұсынады

Жаңа жылда көретін кинокартиналар: Massaget оқырмандары ұсынады

Әлеуметтік желілер заманында ең жұмбақ жаратылыс - адам өз болмысына жіте үңіле түскен секілді ме? Қолынан не келеді, қандай психологиялық проблемалары бар, қуат күші қалпына келтіретін дүниелер қайсы? Әсіресе соңғысына қатысты moody content белең алды. Яғни, гармонияға бойлататын әрекеттерді көбірек жасауға тырыса бастадық. Сол секілді жыл соңындағы қарбалас есеп тапсырулар мен дедлайндардың шыңырауына құлап кетпес үшін, уикендтерде алда ертегідей мереке барын еске салатын кинокартиналар тамашалауды қолға алып жүрміз. Бұлардың қатарында Massaget оқырмандары да бар. Ендеше олардың must watch тізіміне назар салайық.  

                                      

 "Үйде жалғыз қалғанда"

Крис Коламбустың бұл фильмі 1990 жылы жарық көрген. Ширек ғасыр өтсе де балалар қауымы бұл фильмді ерекше қызығушылықпен қарайды. Басты рөлде ойнайтын Маколей Калкиннің  шытырман іс-әрекеттері күлкіге қарқ қылады. Комедия жанрында түсірілген фильм барысы жаңа жылдың этюдтері арқылы көрерменді өзіне баурап алады. Жаңа жылдың айнымас, ажырамас классикасына айналған «Үйде жалғыз қалғанда» көркем туындысы қаншама ұрпақтың санасында мәңгі жатталып қалды десеңізші. Бұл танымал франшиза соңғы 25 жыл бойы кез келген телеарнадан көрсететін тұрақты телеөнімге айналды.

Фильмнің сюжеті көпбалалы Маккалистер отбасының Мерекені қарсы алуға Еуропаға, кейінгі бөлімінде Флоридаға аттануымен, алайда Кевин есімді сегіз жасар кенже баласын ұмытып кетумен байланысты. Онсыз да отбасы мүшелері үшін қадірі сақтала қоймаған сотқар кенжеміз үйде жалғыз қалғанына, басқа қалаға байқаусызда ұшып кеткендігіне қатты қуанады. Мерекені өзі ғана қарсы алуға бел буған кейіпкеріміз мейрам күндерін барынша қызықты өткізуге тырысып бағады... Алайда мереке күндері қожайындары жоқ үйлерді тонаумен айналысатын қандықол ұрылардың назарына түсіп қалған қаһарманымыз өз «территориясын» қорғауға көшеді...
Комедияға толы сюжеттер кез келген балаға, тіпті, ата-анаға күлкі сыйлары хақ. Отбасын сүюге, ата-анасын қадірлеуге, туыстарын жақсы көруге, кешірімшіл әрі қамқор, қайырымды болуға үйрететін, өз меншігін қорғауға, зұлымдықпен күресуге үндейтін аталмыш фильм кез келген балаға адамгершіліктің, қадірдің, күресудің не екенін ұғындырары сөзсіз.

"Тақиялы періште"

"Тақиялы періште" деп еркелетін кенже баласының бойдақ жүргені жүрегіне батқан Тана апа баласына қалыңдық іздей бастайды. Жасы 28-ге келген ұлы Тайлақ - география пәнінің мұғалімі, анасының еркесі, нар тұлғалы, мінезі көркем азамат. Баласына қалыңдық іздеу барысында Тана апа Нияз ақсақалдың отбасымен танысады. 

Ал ұлы Тайлақ болса, Айша есімді арумен танысып, сөз жарастырғанымен оның таңдауын анасы құптамайды. Айшаның әкесі Тайыр кезінде Тана апаға сөз салып, уәдесінде тұрмағандығы анықталады. Жылдар өтсе де, Тайырға өкпелі Тана апа баласының сүйіктісімен бас қосуына наразылық білдіріп, қалыңдық іздеу жұмыстарын жалғастырады. 

Тайлақтың қалыңдығы болуды армандайтын Алтыншаш сыра сатушысы болып істейді. Ол "періштені" өзіне қарату мақсатында неше түрлі амалдарды жасап, қалыңдық болуға талаптанады. Алайда, оның ниетіне оң жауап жібермеген Тайлақ...

 "Жеңіл буыңызбен!"

1975 жылы премьерасы өткен бұл фильмнің жаңа нұсқалары да жарыққа шығып үлгерді. Жаңа жылда жаңа махаббат, жаңа ортаға тап болған түрлі тағдырлардың тоғысуын көрсетеді.

Бұлардан бөлек қазақ тілінде қысқаметражды түрлі бағдарламалық негіздегі фильмдер де жетіп артылады. 

"Гарри Саллиді кездестіргенде"

Аталған фильм әзілге толы ең романтикалық фильм ретінде танымалдыққа ие. Фильм ішінде драма да, комедия да тіпті аралас жанрлар тоғыспасын көре аласыз. Бәрі Гарридің жаңа жыл кешінде Саллиге ұсыныс білдіруінен басталады...

"Еңбек демалысын алмасу"

Жаңа жыл кешінде мерекені тойлаушы кейіпкер Кейт Уинслет, Ұлыбританияның ауылдық жерінде тұратын тұрғын және Кэмерон Диаз америкалық қыз жарнама агенттігінің басшысы Калифорнияда тұратын екеуі екі жарты шарда тұрып үйлерін алмастырып өмір сүрмек болады. Бұл еңбек демалысы кезінде орын алады. Ал қызығы екеуі өздері күтпеген тағдырға жолығады.

Әлі де бірнеше топтама шығады. Олар да оқырмандар ұсынысына негізделеді. Жаңа жыл шаттық әкелсін.

А. Оралқызы