Өткен жолы Massaget оқырмандарынан Жаңа жыл алдын мерекелік көңіл-күйден қуат алып, жылды ойдағыдай аяқтау үшін қандай кинофильмдер тамашалайтынын сұраған едік. Сол тізімнің бүгін жалғасын жариялап отырмыз.
1. Хәрри Поттер
Он жасар Хәрри Поттердің балалық шағын бақытты деп атауға болмайды: ата-анасы ол бір жасқа толмаған шағында қайтыс болды, ал жетім баланы өз қамқорлығына алғандардан қайыр жоқ. Бірақ Хәрри 11 жасқа толған күні бәрі өзгереді. Табалдырықта күтпеген жерден пайда болған біртүрлі қонақ хат әкеледі. Содан бала оның шын мәнінде асыл тұқымды сиқыршы екенін және Хогвартс аталатын сиқыр мектебіне қабылданғанын біледі.
Бір-екі аптадан кейін Хәрри оны керемет шытырман оқиғалар, шынайы достар және ең бастысы ата-анасының өлімінің құпиясын ашудың кілті күтіп тұрған Хогвартсқа аттанады.
2. Санта Клаус
1994 жылы премьерасы болған бұл фильмді бүгінгі таңда бірнеше мемлекет өз тілдеріне аудара отырып қараған. Жаңа жыл қарсаңында болған таңғажайып құбылыстар балалармен қатар ересектерді де қызықтырмай қоймайды.
3. Мәңгілік Рождество
Кішкентай ғана кейіпкер іштей Жаңа жыл мерекесінің бітпегенін қалайды. Тілегі орындалып кететінін ешкім күтпейді. Қызығы мәңгі айналып келе беретін рожество кешінде болатын романтиканың көрінісі өз алдына бір хикая.
Ақпараттық заманның дәуірінде кез келген мерекені белгілі бір мультимедиялық туындымен байланыстырмасақ, мерекені қабылдауға деген көңіл-күйіміз ойдағыдай болмай жатады. Оның үстіне, Жаңа жыл болсын, Рождество болсын барлығы да отбасылық мерекелер емес пе! Әсіресе, балалар қауымы жаңа жыл мерекесін ертегі, ғажайыптар әлемі деп қабылдайтындықтан, осынау қиял шаттығын шад-шадымен шағында кешу үшін әсем де әсерлі мультфильмдер, анимациялық фильмдер мен көркем фильмдердің әсері мол. Үлкен жастағы адамдар жыл сайын көруден жалықпайтын, әр көрген сайын жаңа күйге бөленетін өзінің сүйікті туындыларын тағат таппай күтеді. Жаңа жылды сезінуге, мерекені мәнді қарсы алуға әрі уақытты қызықты да танымды өткізуге көмектесетін фильмдер топтамасына кезек берейік.
4. 101 далматинец
Бұл «қара қожалақ» иттер туралы білмейтін адам жоқ болар, сірә. Түсімен ғана емес, санымен де ерекшеленетін бұл үй хайуандары кімді болса да қызықтыратыны сөзсіз. Мерекеде өз-өзіне сыйлық (үлбір тон) жасауды шешкен Круэлла Дэ Вил есімді мыстан кейіпкеріміз бір вагон далматин-күшіктерді ұрлап әкетеді. Алайда сұраусыз дүние қайдан болсын. Әрі түкке татымайтын тон үшін 100 хайуанның обалына қалуға бола ма?! Болмайды, әрине... Одан әрі ақылды күшіктердің қашуы мен оның қожайындарының құтқару операциясы басталып кетеді...
5. Шыршалар
Талантты отандасымыз Тимур Бекмамбетов түсірген ресейлік «Шыршалар» фильмі де заманауи классикаға айналып үлгерді. Алайда көпсериялы комедияға айналған аталмыш фильмнің тек алғашқы фильмін ғана көрген дұрыс. Жаңа жылдық комедияның оқиға барысы Ресейдің 11 қаласында қатар өрбиді: Калининград, Қазан, Пермь, Уфа, Баулы (Бавлы), Екатеринбург, Красноярск, Якутск, Новосибирск, Санкт-Петербург және Мәскеу. Фильмнің кейіпкерлері – такси жүргізушісі пен поп әншісі, кәсіпкер мен актер, сноубордшы мен шаңғышы, студент пен пенсионер, әйел директор мен өрт сөндіруші, ұрлықшы мен полицей қызметкері, гастарбайтер мен Ресей президенті. Кейіпкерлеріміз ғажайып мерекенің қарсаңында өте бір «қырсық» та бір түрлі ыңғайсыз, қолайсыз жағдайларға тап болады... Оларды тек ғажайып мерекенің ғажап сиқыры ғана құтқаратындай...