Бүгіннен бастап еліміздегі кинотеатрларда Ұлы дала комедиясы көрермендер назарына ұсынылады. Қазақстандық әнші, айтыскер ақын, эстрада жұлдызы Төреғали Төреәлінің бұл туындысын көпшілік қалай бағалар екен? Бірер күн бұрын қазақстандық әнші мен фильмді түсірген шығармашылық топ кинотуындының тұсауын кесті. Салтанатты шараға бір топ өнер жұлдыздары мен тілшілер қатысты. Көрсетілім соңынан баспасөз жиыны өтіп, Төреғали тілшілер мен көрермендер қойған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ фильммен қатар жеке әнжинағын да таныстырды. Алғаш болып сөз алған ҚР Халық әртісі, әншіМақпал Жүнісова Төрештің өнерін жоғары бағалап, сый-құрмет көрсетті. - Мен Төреғалиді туған бауырымдай көремін. Әні де, сәні де келіскен қазақтың біртуар азаматы деп мойындаймын. Төрешке болашақта талай-талай белестерден асып, шыңдарды бағындыра берсін деп тілек айтамын, - деді әнші. Ал фильмге келетін болсақ, Мақпал Жүнісова кинотуындыны жоғары бағалады. - Фильм комедия болса да, адамға көп ой салады. Өзінің өмірбаяны да іспетті. Адам болғаннан кейін қателеседі. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Кейде сүрініп жатамыз. Ол жалғыз Төреш емес, жалғыз өнер адамы емес, барша адамзатқа тән дүние. Сүрінгенде, біреу шалғанда жатып қалмай, қайта тұрсаң ғана мықты боласың. Фильм арқылы біздің де сүрінген кездерімізді еске салды. Бәріміздің басымызда шуақты күндеріміз көп болсын, - деп тілегін жалғады. Ұлы дала комедиясы жиналған жұрттың көңілінен шықты. Кинотуындыда басты рөлді Төреғалидің өзі сомдайды. Фильм режиссері - Дархан Сәркенов, сценарийін Әбдісаид Шайхисламұлы жазған. 85 минутқа созылатын фильм әншінің жеке өмірінен ғана сыр шертпейді, фильмнің басты мақсаты - отбасылық қүндылықты айқын көрсету, жақындарыңды бәрінен жоғары қою. Фильм сюжеті бас кейіпкердің жұлдыз ауруына шалдығуынан басталады. Әнші жол апатына түсіп, ес-түзсіз жатқанында басқа біреудің өмірін сүреді. Аяғы ауыр келіншегі мен жалдамалы пәтері бар Талғат есімді қарапайым жігітке айналады. Өзінің жұлдыз екенін дәлелдегісі келгенімен, айналасындағылар бұған сенбей, оны біраз әлекке салады. Осы арқылы бақыт деген - отбасы деген ұранға үндейді. Себебі ата-ананың қадірі, баласына деген махаббаты, шаңырақтағы татулық, шынайы сырлы сезім мен алға қойған мақсат айқын көрініс тапқан. Бас кейіпкер бақытты байлықтан іздеп келіппін деп өкінеді де. Кинотуындыны көре отырып, бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды - деген мақал да ойға оралады.Комедияда әншінің жеке өміріндегі даулы оқиғалар да көрсетіле кеткен. Қазақ киносының қоржыны тағы бір тамаша туындымен толықты деп айтуға негіз бар. Олай дейтініміз, фильм толықтай қазақ тілінде түсірілген. Мұны да зор жаңалық деп бағалауға болады. Әдетте комедия жанрындағы отандық фильмдер көбіне орыс тілінде көрермендеріне жол тартатын. Фильмнің сценариі бір жыл бойы жазылған. Ал түсірілім бір ай ішінде аяқталған. Төреғалидан өзге фильмге Мадина Оспан, Жанболат Найзабеков, Ғазиз Ерболат, Дәулет Бижанов және Мадияр Серікбаев сынды актерлар түскен. - Фильм түсірер алдында бірнеше нұсқамыз болды. Төреғалимен ақылдаса келе осы сценрийді таңдадық. Басты мақсатымыз - қоғамдағы отбасылық тақырыпты қаузай отырып, көпшілікке ой салу болды. Екі жастың арман-мақсаты арқылы, шынайы сезімдерін көрсете отырып, отбасы ең қымбат байлық екенін жеткізгіміз келді. Ал неліктен комедия жанрын таңдады десеңіздер, біз де, Төреш те әзілге жақын жандармыз, - деді фильм сценарийін жазған Әбдісаид Шайхисламұлы. Ұлы Дала Комедиясын бүгіннен бастап еліміздегі барлық кинотеатрлардан көре аласыздар. Фильмнен алған әсерлеріңіз жайлы Массагет сайтындағы Блогтар айдарына жазба қалдыра аласыздар.