Бүгіннен бастап еліміздегі кинотеатрларда Гудбай мой бай лирикалық комедиясы көрермендер назарына ұсынылады. Комедия болса да, көрерменге ой саларлық кинотуынды. Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі - ажырасу. Шаңырақ шайқалып, екі жастың екі жаққа кетуі - орны толмас өкініш. Ал арада бала болса ше?... Қасірет... Бала үшін ата-ананың рөлі ерекше. Бақытсыз балалықты ешкім де қаламайды. 2018 жылдың 31 қазанында Қазақстан Президенті елдегі ажырасуды азайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Статистика бойынша соңғы 10 жылда Қазақстанда 1,5 миллионға жуық ажырасу фактісітіркелген. Әр жыл сайын әрбір үшінші неке бұзылады екен. Жақында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында отбасы саясаты және мүдделі мемлекеттік органдар саласындағы сарапшылардың ұсыныстары негізінде 2019-2024 жылдарға арналған отбасын дамыту және қолдау Жол картасының жобасы әзірленді. Яғни ажырасу мөлшерін 2019 жылы 41% -дан 38,2% -ға дейін, 2023 жылға қарай 30% -ға, 2030 жылға қарай 25%-ға дейін төмендету жоспарлануда. Жол картасын әзірлеушілер ажырасулардың алдын-алудың негізгі механизмі ретінде отбасылық соттар жанында ажырасудың айтарлықтай көп Қазақстандағы сегіз өңірінде отбасылық ресурстарды қолдау орталықтарын құруды ұсынуда.Бұл жоба оң нәтижесін берсе дейміз. Соңғы шығып жатқан отандық фильмдер де отбасы құндылығын басты орынға қойып келеді. Қуантарлық дүние. Әнші Төреғали Төреәлінің фильмі де жеке өмірінен ғана сыр шертпей, отбасылық құндылықты айқын көрсету, жақындарыңды бәрінен жоғары қоюға үндейтінін аңғарған едік. Бұл идея Гудбай мой бай фильмінде де жалғасады. Ерекше назар аудартатыны - фильм атауы. Гудбай мой бай! Көрерменді өзіне тартады. Бір тұрғыдан алғанда тапқырлық та. Кинотуындының режиссері - Әнуар Матжанов. Осыған дейін көрермендерге Патруль, Басеке және Мезгілсіз махаббат сынды телехикаялары арқылы танылған. Ал фильм 31 арнадан көрсетілгенЖенатикисериалыныңтолықметражды нұсқасы. Басты рөлдерде Сәбит Рахымбаев,Даут Шайхисламов,Нұрдаулет Шертім, Азим Саидбаев, Дариға Бадықова,Наталья Валькова,Сабина Саяқова,Нұргүл Алпысбаева ойнайды. Ал кішкентай баланың рөлін белгілі режиссер Ақан Сатаевтың ұлы Ильяс Сатай сомдайды. Сәтті ойнап шыққан. Ажырасудың түрлі себептері бар. Фильмде үш түрлі себебі көрсетілген. Басты рөлдегі Ермек әйелінің енесімен бірге тұрғысы келмейтін қыңқылынан кейін ажыраспақшы болады. Екінші біреуіне себеп, күйеуіне сенімсіздік танытқаны. Үшіншісі - құмар ойынға салыну. Өзге де себептер жанама түрде айтыла кетеді. Әдетте комедия жанрындағы отандық фильмдер көбіне орыс тілінде көрермендеріне жол тартады. Гудбай мой байда бұл жолды жалғаған. Фильмге атсалысушылардың көпшілігі көңілді тапқырлар клубынан шыққан таланттар. Сондықтан да баспасөз жиыны кезінде осы жанрды таңдағандарын жасырған жоқ. Тіпті жалғасы болуы да мүмкін. 14 жасқа дейін балаларға ата-анасымен бірге баруға рұқсат етілген фильм. 14 жастан да жоғары болуы керек-ақ секілді. Себебі комедияда тұрпайы сөздер мен жалаңаш қыздар түскен сәттер аз емес. Ішімдік ішіп отырған сюжеттер айқын көрсетілген. Комедиядағы анайы сөздер жайлы басты кейіпкер Сәбит Рахымбаевтан сұрап көрдік. - Біз нағыз эмоцияны жеткізгіміз келді. Егер қандай да бір әдеби сөзді пайдалансақ жасампаздық көрініп қалған болар еді. Ашуланғанда боқауыз сөз айтатынымыз рас. Шынайы болғанын қаладық. Мұндай сөздер бар болғанмен, көп емес. Әрине аз қолдануға тырыстық - дейді актер. Гудбай мой бай лирикалық комедиясын бүгіннен бастап еліміздегі барлық кинотеатрлардан көре аласыздар. Фильмнен алған әсерлеріңіз жайлы Массагет сайтындағы Блогтар айдарына жазба қалдыра аласыздар.