- Негізгі бет
- Кино
- «Жаңа эра Z»:...
«Жаңа эра Z»: не түйдік
Ескерту: фильм негізінде (16+) деп көрсетілген, дегенмен осы жастағы жеткіншектерге бұл жанр ауыр. (21+) болғаны жөн. Сюжеттік не композициялық көрініс іздесеңіз, бұл сіз көретін фильм емес. Басқа қырынан келіңіз...
2016 жылдың күзінде тағы бір фильм жарыққа шықты. Атауы да ерекше: «Жаңа эра Z». Режиссер Колм МакКарти ұсынған бұл фильмге АҚШ пен Ұлыбритания үлес қосқан. Фильмнің нені көрсеткісі келгені жұмбақ. Бірақ бір көрген адамға әсер етер тұстары да бар.
Фильмде кішкентай ғана зомби қыздың тағдыры суреттеледі. Фильм жайында сөз қозғамас бұрын «зомби» сөзінің шығуына мән берсек. «Зомби» сөзі батыс Африкадан жеткен, астарында ешқандай тарихи шындық жоқ, тек сенімдегі сөз. Вуду мәдениетімен келген сенімде дуагерлердің өлген адамды тірі өлікке айналдырып, өздеріне бағынышты етуі. Ал бүгінде бұл сөзді пайдалану арқылы түрлі жанрдағы фильмдер жарық көріп жатыр. Олардың жанрлық негізі қорқынышқа құрылған. Яғни, зомбидің тікелей аудармасы – «тірі өлік». Кей деректерде «құл» сөзіне балама ретінде келеді. Сонымен «зомби» өзін-өзі басқара алмайтын не біреуге бағынышты тірі өлік.
Ал фильмнің жаңа дәуірінде тірі өлік өзін-өзі басқара да алады, ақыл-есі де дұрыс деп көрсеткен. Мэлани – басты кейіпкер. Жаңа эрада туған қара нәсілді қыздың ақыл-есі қарапайым адамның ойлау жүйесінен әлдеқайда жоғары. Бірақ – зомби.
Адамзат баласы ақылынан адасып, бәрі тірі өлікке айналып бітті. Қоғамды дендеген індет ақыры ауру болып тиді. Ешкім құтыла алар емес. Бір-бірімен күресіп жатқан әлем. Бірақ сыртқы күшпен емес, өздері тапқан індетпен күресіп жатыр. Жауыздық пен санасыздық билеген әлемнің көрінісі. Бұл – фильмнің басты ұстанымы.
Біз білетін Мэлани
Сүп-сүйкімді, бұйра бас, қара нәсілді бүлдіршін. Джастино есімді ұстазын жақсы көреді. Махаббат бар. Бәлкім қыздың анаға деген сезімі. Екеуара сезім кейде жақындастырып жібереді. Ал бұл Мэланиге жақсы, ұстазға қауіп.
Біз білмейтін Мэлани
Ауруы қозып, қарны ашқан кезде ешкімді жақсы көре алмайды. Тіпті ұстазы Джастиноны да. Ол геніне сіңіп кеткен «зомбилік». Өзі тауып алған жоқ, анасынан келген инфекция. Жатырды жарып шыққан күні есінде жоқ.
Мысық және Мэлани
Фильм бастала салысымен, мысықтың суреттерін жинап алып, соған қызыға қарап отыратын басты кейіпкерді көреміз. Бірақ ол мысыққа деген сезім емес, аштықтың әсері екенін кейін түсіндік. Мэланидің мысықты жарып, жауыздықпен жеуі көз алдыңызға азғындап кеткен адамзаттың әрекетін көрсетеді. Мысық жейтін қытайлар да есіңізге келуі ғажап емес.
Өзгеріс жасау
Бүгінгі күнге дейін зомбилер тек жамандықтың прототипі болып келді. Олар жауыздықтың, қанішердің символы болды. Бірақ «Тепло наших тел» фильмі естеріңізде ме?! Зомбидің махаббаты. Ал бұл фильмде зомбидің жақсылығы. «Зомби» ұғымын бір ізбен көрсете беру көрерменді жалықтырса керек, режиссерлер ендігі жерде таяқтың екі ұшы барын көрсеткісі келді ме, енді оларды да ақтап алғысы келеді. Бір бағытқа оқталып қойған санаңыздың ұңғысына «өзіңізді» әкеліп қою тосын сый ғой.
Әлемдік көзқарас
Ағылшын фильмдерінің дені әлемдік көзқарасқа құрылады. Бұл анық. Ұлтқа, нәсілге бөлмейді. Өйткені олар өздерін «әлемнің сақшысымыз» дейді және солай көрсеткісі келеді. Фильмде ақ та, сары да, қара да бар. Бірақ ортақ мәселе, қалай күресеміз, немен, не үшін деген сұраққа жауап іздейді. Бұл адамзатқа тән сұрақтар. Жауабы ортақ болуы керек. Бас кейіпкердің рөлі қара нәсілдің қызына бұйырса да, «зомби» деген атақпен өмір сүруі әлі де болса теңсіздік емес пе?! Өзіне-өзі қожа емес, біреудің бағыныштысы болып келіп, құлдық қамыттың көрініс тапқаны қалай? Бірақ ...
«Иә, сендер тірісіңдер!»...
Мэланиді мазалап келген сұрақ осы еді ғой. Жауабын алды. Ол өзінің тіршілік екенін, тірі екенін сезді. Білді. Сезінді. Енді бәрі басқаша болмақ. Өзі тірі бола тұрып, тірілер үшін құрбандыққа бару – ақымақтық. Бірақ бұл ақымақтық адамзатты індеттен қорғап қалар ма еді..? Әлде жоқ. Шешім қабылданды. Зомби қыз енді адамардың айтағына көнбейді. Енді ол өзінің әлемін әкеледі. Оның әлемі жауыз әрі қанқұмар болғанымен, азғындықтың не екенін білмейді. Иіс пен қан жеткілікті.
Фильмнің мақсаты – менмендікті жою
Адам асқан асқақтық пен менмендікке беріліп кетті. Өзін ғана бірінші көреді. Бірақ зомби екінші тіршілік иесі ретінде адамға одан да өзге тіршілік бар екенін ұғындырды. Биіктік қашан да жақсы, бірақ оны өз мүддеңе пайдалану – әділетсіздік. Әділетсіздіктің құрбаны болған тіршілік иесі қаншама?! Мысықты жеп отырған Мэланиді еске бір алып қойыңыз.
Менмендік дерті дендеп кеткен күні біз көз алдымыздағы дүниені көруден қаламыз. Ол – үлкен апаттың белгісі. Бұл фильм сол эраға бастап бармас үшін жасалған ескертудің біріншісі деп түйдік.
М. Ақан