“007 Скайфолл Координаттары” атты Джеймс Бонд туралы жиырма үшінші кинофильм жақында қазақ тілінде сөйлейтін болады. Бұл жөнінде massaget.kz порталының тілшісі "Болашақ" Ассоциациясы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбекке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Қазір біз "Джеймс Бондты" қазақшалау мәселесін толық қарастырып жатырмыз. Бұл кинофильм - бізге дейінгі тұлғалардың жасап кеткен классикалық дүниесі", - дейді Байбек. Оның сөзіне қарағанда, жақын күндері Мәдениет және ақпарат Министрлігі кинофильмді қазақшалау үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлуді қарастырып жатқан көрінеді. Болашақта осындай жобамен айналысуға басқа да жеке компаниялар ықылас танытып отыр.
"Аудармамен "Қазақфильм" киностудиясы айналысады. Мемлекет пен қоғамның қаржыландыруы арқасында әлі де талай кинофильмдерді қазақша аударамыз. Егер нарыққа түскен туынды халыққа өтімді болып жатса, онда оны өз компаниямыздың демеушілігімен де қазақшаландыруымыз мүмкін", - деді "Болашақ" Ассоциациясы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек.
“007 Скайфолл Координаттары” атты кинокартинадағы басты рөлдерді Дэниэл Крэйг, Рэйф Файнс, Хавьер Бардем және Джуди Денч сынды актерлер сомдайды. Аталған фильмге Сэм Мендес авторлық етеді.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: populars.ru