Канн фестивалі үшін биылғы жыл мерейтойлы болмақ. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл фестиваль әдетте белгілі бір өнер адамының құрметіне өтуші еді. Бұрын ол Ингрид Бергман, Мэрилин Монро, Джоан Вудворд, Марчелло Мастроянни, Пол Ньюман, Моника Витти сынды тұлғалардың атымен аталса, 2017 жылы 70-Канн фестивалі де сол дәстүрден ауытқымай талантты актриса Клаудия Кардиналеге арналады.
«70-Канн фестивалінің маған арналып жатқанына қуанышым шексіз! Постерге таңдалған суретте 1959 жылы Римдегі үйлердің шатырында билеп жүрмін. Фотограф кім екенін ешкім білмейді. Менің де есімде жоқ. Сурет менің өткенімді есіме салады. Ол кезде мен әлемдегі ең атақты кинозалдың баспаларымен ақырын аяңдап, шыңға шығамын деп ойламадым. Туған күніңмен, Канн кинофестивалі!", – деді жетпістің сегізінші белесін бағындырған актриса.
Актрисаның суреті бейнеленген постер шыға салысымен біз ол ойнаған ескі әрі классикалық кинофильмдерді тағы бір тамашалап, Клаудия Кардиналенің италиялық аруға тән харизмасына толы үздік бестікті ұсынып отырмыз.
8½, 1963
Федерико Феллинидің ең атақты "8½" фильмінде Клаудия өз-өзін сомдайды. Фильмнің басты кейіпкері жас режиссер Гвидо Ансельми жаңа туынды жасауға шабыты келмей, көңілсіз күн кешіп жатады. Осындай күрең күндердің бірінде оған музадай боп хас сұлу Клаудия жолығады.
Бұл фильмде актрисаның өз дауысын естуге алғаш рет мүмкіндік туады. Себебі, бұрын-соңды Кардиналенің француздық акцентін құлаққа жағымсыз деп қабылдаған режиссерлер оны үнемі дубляждаушы еді.
Алқызыл пантера (Розовая пантера), 1963
АҚШ Конгресі кітапханасы бұл комедияны кинемотография тарихындағы аса маңызды фильмдер тізіміне енгізді. Клаудияның кейіпкері Дала — «Алқызыл пантера» аталатын әлемдегі ең үлкен алмаздың иесі. Сюжет бойынша оны тонауға ниеттенген адамдар саны арта түседі. Осы орайда түрлі қызықты оқиғалар орын алып, көрермен қыран-топан күлкіге батады.
Рокко мен оның бауырлары (Рокко и его братья), 1960
Лукино Висконтидің «Рокко мен оның бауырлары» фильмінде Клаудия Кардинале бір кейіпкер қалыңдығының рөлін ойнайды. Ол кейіпкердің есімі – Винченцо. Драматизмге қанық картина әлеуметтік әділетсіздік туралы сыр шертеді. Фильм көптеген марапатқа ие болды, 1960 жылы Венеция кинофестивалінде ФИПРЕССИ киносыншылар марапатына лайық деп табылды.
Леопард, 1962
Лукино Висконтидің Клаудия ойнаған тағы бір фильмі «Леопард» деп аталады. Аталмыш кинокартина 1963 жылы өткен Канн кинофестивінде ең беделді марапат саналатын «Алтын пальма бұтағына» лайық деп табылды.
Фильмде Кардинедей ең сұлу бикешпен қатар, сол заманның көрікті серісі, француз актері Ален Делон да ойнайды.
Кәсібилер (Профессионалы), 1966
«Кәсібилер» фильмінде Кардинале мексикалық ранчо иесінің революция кезінде ұрланған әйелін сомдайды. Классикалық вестерн стиліндегі картина 3 мәрте «Оскар» сыйлығына ұсынылды. Бұрын-соңды атқа отырып көрмеген актриса фильмдегі ең қиын сценаны дублерсіз орындап шыққан.