Иранның әлемге танымал кинорежиссері Аббас Киаростамидың 1995 жылы ақпанда Вашингтондағы Америка кино институтында өткен «Иран фильмдері апталығында» аталмыш орталықтың режиссерымен жасаған сұхбаты.
Кинорежиссер: Акира Куросава «Адам жағдайы» атты фильміңізді аса жоғары бағалайды, тіпті сізді Үндінің атақты режиссері Сатьяжит Раймен салыстырады. Мұндай жоғары бағаға, риясыз сенімділікке қалай ие болдыңыз?
Аббас Киаростами: Фильмдерім туралы аса жағымды пікірді алғаш естіп отырмын. Мен бұған қарама-қайшы жағымсыз пікірлерді де естдім. Сіз киноны менсініп, түсіне бермейсіз; Мынадай фильм түсіруің керек, жұрт сонда жапа-тармағай барар еді т.б Сыншылардың айтуынша, кино секс пен зорлық-зомбылық туралы хикаяларға толы ''Криминапльное чтиво'' (Pulp Fiction) сияқты болуы керек екен. Көптің қалауы әр түрлі ғой. Тағы біреу: «мұндай нәрсені кез келген жерден көресің. Кинодан драма мен шынайы өмірді көргіміз келеді»,– дейді. Бұлар ұсақ-түйек, жеке пәндәуи көзқарастар. Дегенмен, бір қызығы кезінде біреулер мені аңғал деп те айыптады.
Кинорежиссер: Олай болса, мұндай келеңсіздіктерге қалай қарсы тұрасыз? Фильм түсіруде әлденендей өзгеше амал-тәсіліңіз бар ма?
Аббас Киаростами: Менің техникам қарапайым сияқты. Әуелі кірпіштерді топтап, жинаймын. Материалды да ойлап таппаймын. Тек айналамдағы адамдардың күнделікті тіршілігін бақылап, нақты қарапайым өмірден аламын. Сонымен қатар, күнделікті өмірдің өзінде кісінің шымбайына тиіп, жалықтыратын т.б жағымсыз жақтарынан гөрі жақсы тұстарын көрсетуге көбірек пейілмін. Айналама жіті қарап, өзіме ұнайтын нәрсені таңдаймын. Білесіз, мұны жалғыз іске асырап жатқан жоқпын, артымда сайланған ұжым бар. Әдетте гүл баптаушылар да солай істейді. Олар да гүл жасамайды, тек ең жақсы композицияны табады.
Адам да өз ісін таңдайды. Кейбірбі жақсы істің соңына түседі. Міне осы жақсылардың игілік, үміті біздің де жолымызды айдындатып, ісімізге жеңілдік сыйлайды.
Кинорежиссер: Түсірген киноларыңыздың ішінде күнделікті өмірде көріп әсер еткен, кейін фильміңізге дәйек болған әлдеқандай оқиға немесе бір көрініс туралы айтып өтсеңіз?
Аббас Киаростами: Кәуа болып, әсер еткен көріністі оңай ұмыта қоймаймын. Қарлы күндердің бірінде жұмысқа бара жатып, көшеде келе жатқан әйелді көрдім, құшағында кішкене сәбиі бар-ды, көзі жасаурап, жүзі албыраған баланың қатты қызып рахатсызданып бара жатқанын байқадым.
Көз жазбай, соңынан ере бердім. Жүре келе мен де кішкентай бала құсап, күлімсіреп қол бұлғадым. Бірақ баланың жасаурап, ісінген жанарына қарап мені көріп тұрған жоқ-ау деп топшыладым, ал әйел мені мүлде байқамады. Содан қиылысқа келгенде, баланың үлкен күшпен саусақтарын қимылдадып, маған қол бұлғағанын көріп таң қалдым. Осы көрініс маған қатты әсер етті, мұны қалай да көкпе көрсету керек деп шештім. Кейін бұл көрініс: Үштіктің (трилогия) екінші бөлімінде қолы сынған баланың рөлімен берілді (And Life Goes On). (Мен оған қол бұлғадым, ол да маған қол бұлғады) Адам не ексе, соны орады ғой. Өзің не берсең, соған қарай сыбағасын аласың. Сезімтал адаммен бірге мағыналы бір фильм көрудің өзі менің жаныма кәдімгідей ләззат сыйлайды.
Кинорежиссер: Кино түсірудегі жұмыс жасау тәсіліңіз Итальяндық неореалист сценарист Чезаре Заваттиниді еске түсіреді. Чезаре кинодағы оқиғаның негізгі идеясы әлденені ойлап табу емес, барлау, зерттеу екенін алға тартады.
Аббас Киаростами: Ойыңызды жақсы түсіндім. Әрине, кино көруді Итальяндық, яғни реалистік фильмдерден бастадым және мұндай дүниелерге жан дүниемнің жақын екенін сездім. Менің ойымша, мұндай ұқсастықтардың негізгі себебі Иранның қазіргі жағдайы мен Италияның соғыстан кейінгі жағдайы арасындағы сәйкестік. Италия қоғамының соғыстан кейінгі жағдайын еске түсіріп көріңіз . Біздің жағдайымыз да солай. Жоғарыда айтқанымдай, мен оқиғаны күнделікті өмірден аламын. Менде үлкен, жиынтық бейнелер, аса ауқымды өндірістік шығындар, арнайы эффектілер жоқ. Біздің фильмнің бюджеті де шағын.
Кинорежиссер: Италияның коммерциялық кино индустриясы, әрине соғысқа дейін де айтарлықтай дамыған ғой.
Аббас Киаростами: Иранда да солай. Иранның коммерциялық кино өнеркәсібі әлі де дамып келеді. Өткен жылы алпысқа жуық тақырыптық фильм түсірілді, ал оның алдындағы жылы елу беске жуық тақырыптық фильмдер, бірсыпыра қысқаметражды фильмдер түсірілді. Бізде ауқымды ойын-сауық индустриясы бар. Бірақ кинодағы менің стилім, тақырыбым бұлардан парықты.
Кинорежиссер: Итальяндық неореалисттер өз фильмдерінде солшыл симпатияларды немесе міндеттемелер мен мотивтерді бейнеледі. Байқауымша, сіз кездесулер мен келіссөздерде де қашанда саяси пікірталас, дау-дамайлардан алыс, сақ жүресіз.
Аббас Киаростами: Мен саяси партияға мүше болып, әлдеқандай революционердің шашбауын көтеретін саясатшыл адам емеспін. Мен ешкімге жұмыс істемеймін. Алайда бүгінгінің адами мәселелері туралы айтылатын болса, шет қала алмаймын. Саясатқа соқса да, араласуыма тура келеді. Себебі бұл менің азаматтық борышым.
«Зәйтүн ағаштарының көлеңкесінде» қоғамдағы нақты әлеуметтік мәселелерден туындаған Хусейннің жеке адами мәселелеріне терең бойлайды. Хусейін Ирандық, оқымаған адам. Үйленігісі келеді әрі балаларының да сауатсыз, кедей болғанын қаламайды. Фильмде кейіпкер өз проблемаларын қарапайым ғана жеткізеді, бірақ байыптап қарасаңыз бәрі шындық. Біреудің қасіретті күйін көріп-сезінгенде, оны көпке жеткізуге тырысасыз, ал оны жұрт естіп, түсінгенде, қоғамға жария болғанда саяси жағдайға айналады. Хусейін туралы айтқанда да, сіз саясаты аттап өте алмайсыз, өйткені ол да осы қоғамда өмір сүріп отыр. Ал, әлеуметтік мәселелерсіз, саясатсыз қоғам болмайды.
Кинорежиссер: Осы «Зәйтүн ағаштарының көлеңкесінде» атты фильміңізде не айтқыңыз келді, кеңірек тоқталсаңыз?
Аббас Киаростами: Бұл адамзат үшін ахлақ, әдеп нұсқауы болса керек. Мен жұрттың назарын бәрімізге ортақ қарапайым, шынайы өмірге аударғым келеді.
Кинорежиссер: АҚШ-тағы түрлі жаңалықтарда Иран жайында жағымсыз түсініктер көбірек таралып, көрсетіледі. Иран фильмдері көбінесе саясаттан тыс сияқты көрінеді. Бұл цензураның немесе әлдебір құқайдың нәтижесі ме?
Аббас Киаростами: Білесіз бе, сіздің Иран туралы түсінігіңіз өзіңіз айтқан БАҚ әсерінен бұрмаланып, жаңылыс қалыптасқан. Бізде ауыр саяси пікірталастар мен дау-дамай күнде бола бермейді. Біз де жұрт сияқты өз тіршілігімізбен айналысамыз, таңды атырып, кешті батырып дегендей. Ирандағы өмір сіз ойлағандай бұлыңғыр емес.
Кинорежиссер: Фильмдеріңізде батыстың классикалық музыкасын пайдаланғаныңыз үшін біреулер сізді сынады.
Аббас Киаростами: Иә, мен тағы қайталап айтамын: классикалық музыка әлемдікі, бүкіл әлемге ортақ. Аспан сияқты. Оны да кез келген адам бөлісе алады. Менің мақсатым нәсілге, ұлт-ұлысқа бөлінген дүниенің ортасына бірлік орнату. Полиция мен иммиграциялық шенеуніктердің жұмысы шекараларды орнату, ал шығармашылық кәсіп иелерінің жұмысы оны азайту немесе жою болып саналады.
Кинорежиссер: Фараби киноқоры (Farabi Film Foundation) қалай жұмыс істейді?
Аббас Киаростами: Фараби киноқорын революциядан кейін фильм түсіруді аңсаған діндар адамдар құрды. Олар мұндай ауыр экономикалық жағдайда қолдау болмаса, кино өнері бітеді деп қорықты. Қазірдің өзінде сауда эмбаргосына байланысты фильм түсіру үшін әдеттегі бағаның екі есесін төлейміз. Бұл жеке қор, бірақ жартылай үкіметке иек сүйейді. Үкімет бекітеді, себебі қордың негізін қалаушылар діндар адамдар болғандықтан соларды арқа тұтып, сенім артады. Егер қор сіздің сценарийіңізді мақұлдаса, белгілі мөлшерде қаржы бөліп, жабдықтармен қамтамасыз етеді. Зертхана мен оның жабдықтарын пайдалануға болатын басқа орындар бар, бірақ оған алдын ала төлем жасалуы керек. Бұл да өте маңызды. Мен басқа режиссерлерден қаржылық қолдауды аз аламын, бірақ қор бізге халықаралық прокатқа шығуға көмектеседі, біз үшін бұл шынымен де үлкен көмек. Киноқордың рұқсатынсыз ешбір фильмді дүние жүзіне таратуға болмайды.
Қор революцияның басында қатты ықпалды болды. Қазір радикалды діндарлардың қысымында. Фундаменталистер жұмысты баяғыдай қолға ала алмады, бірақ әлі де шама-шарқынша жүргізіп жатыр, 1992 жылы үкімет киногерлерге берілетін субсидияны да (қаржылық қолдауды) қысқартты.
Кинорежиссер: Киногерлер Қордың қолдауына ие болу үшін саяси мәселелерден аулақ тұра ма?
Аббас Киаростами: Бұл бір ерекше жағдай деп ойламаймын. Меніңше, үкіметтің қаржылық қолдауы киногерлерге кассаға алаңдамауға мүмкіндік береді.
Кинорежиссер: АҚШ-тағы фестивальде көрсетілген ирандық фильмдер аса гуманистік болып көрінді. Мұны былай түсінуге бола ма: Ирандағы томағалық пен толеранттылыққа ғана емес, сонымен бірге догматизм мен фундаментализмге де қарсы шыққан өнер адамдарының шеберлігінің нәтижесі?
Аббас Киаростами: Бұған тіиісті қорытынды жасау керек, әрі бұл да сіздің еркіңізде. Мені жөнсіз мақтай алмайсыз, сосын менен өз мақтауыңызды мақұлдауымды сұрай да алмайсыз.
Кинорежиссер: Иран фильмдерінен жас, бозбалаларды басты рөлде жиі көреміз. Неліктен?
Аббас Киаростами: Бізде ересектерге арналған әдеттегі фильмдер жеткілікті, бірақ бұлар халықаралық кеңістікте нәсихатталып, көрсетіле бермейді.
Кинорежиссер: Дегенмен, фильмдеріңізде балалар басты рөлдерде жиі ойнайды.
Аббас Киаростами: Мен балаларды жақсы көремін. Оларды әлдеқандай атақ, нәтиже үшін қолданбаймын.
Кинорежиссер: Иранда зорлық-зомбылық туралы фильмдер түсіріле ме?
Аббас Киаростами: Иә, қор қаржыландырмаса да түсіріледі. Әрі кинонарығында да өте танымал. Мұндай фильмдер де зорлық-зомбылық көрсетіледі, бірақ жыныстық қатынас тақырыбы қамтылмайды.
Кинорежиссер: Сіздің фильмдеріңіз мінсіз, кемел шығады деуге болады. Мұндай тамаша техникалық шеберлік пен ұжымдық тұтастыққа қалай қол жеткіздіңіз?
Аббас Киаростами: Менің командам киноны шынайы жақсы көретін мамандардан құралған. Кейбірінің коммерциялық фильмдегі тәжірибесі де бар. Соңғы фильмде аса жақсы оператор, дарынды актер әрі жұмыс істеуге де жеткілікті уақытымыз болды.
Кинорежиссер: Фильмдеріңіз Таяу Шығыс пен Азияда көрсетілді ме?
Аббас Киаростами: Иран фильмдеріне бірінші кезекте Батыс әлемі қызығушылық танытып отыр. Қазіргі уақытта Тайвань тәрізді Тынық мұхит елдері де назар аудара бастаған сыңайлы. Әсіресе Батыста үлкен сұраныс бар.
Кинорежиссер: Иран фильмдерінің отандық көрсетілімі, насихаты революциядан кейін айтарлықтай дамыды ғой.
Аббас Киаростами: Иә, аталмыш қордың жұмысына көп рахмет. Революцияға дейін өздерін қауіпсіз сезінбегендіктен, діндар адамдар киноға бара бермейтін. Қазір барады. Кинематографияның сиқырлы әлемі оларды да тартуда.
Кинорежиссер: «Зәйтүн ағаштарының көлеңкесінде» фильміндегі негізгі оқиғаның, яғни Хусейіннің қызға деген беймаза махаббатының шындыққа сәйкестігі қаншалық?
Аббас Киаростами: Шындық кинодан мүлде басқаша еді. Соңғы тарау түсірілім соңындағы жиырма күн ішінде өзгерді. Түпнұсқада кейіпкердің қалашықтан кетуімен аяқталатын. Бірақ соңғы сәтте мен көңілді сахна жасап, пейзажға көбірек орын беруді жөн көрдім.
Кинорежиссер: Меніңше фильм шынымен де шағын қалаларда қашанда бір белсенді, жанды тіршілік барын көрсетті.
Аббас Киаростами: Иә, рөл ойнаушылар да жақсы актерлер. Алдағы фильмде әркім өз кейіпкеріне қарама-қарсы рөл ойнатын болады.
Кинорежиссер: Кәсіби маман саналмайтын актерлермен жұмыс істеу қиындық туғызбай ма?
Аббас Киаростами: Иә, актерлерлардың алдында белгілі деңгейдегі жауапкершілігіміз бар, бірақ оларға атақты, жұлдыз кейпінде бөле-жара қарамаймыз. Мен актерларға мансапты емес, өнерді мансұқтауын талап етемін. Мысалы, Хусейін түсірілім барсында қолына күрек алып, су кешіп құрылыста тіпті қара жұмыс істеді.
Кинорежиссер:«Зәйтүн ағаштарының көлеңкесінде» фильмі Академия сыйлығын неге ала алмады?
Аббас Киаростами: Себебі фильмнің жарнама-насихаты дұрыс болмады. Мирамаксқа көңілім толмайды, себебі фильмді жақсы жарнамаламады. Бәлки, дистрибьюторлар шағын фильмдерге мән бермейтін болуы керек.
Кинорежиссер: Сұхбатыңызға рақмет! Істеріңізге, ұжымыңызға табыс тілеймін.
Аббас Киаростами: Сізге де!