Халықаралық «Шәкен жұлдыздары - 2013» кинобайқауы осымен он бірінші рет ұйымдастырылып келеді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, шараның басты мақсаты – еліміздегі кәсіби киноны дамыту және кино саласында білек сыбанып жүрген отандық жас киногерерді шабыттандыру. Сонымен қатар, осы кинофестиваль арқылы ұйымдастырушылар қазақ киногерлеріне өз туындыларын жасап, оны жариялауға мүмкіндік береді.
Олардың сөзінше, «Шәкен жұлдыздары» - жас әрі, жаңа кинофильмдердің байқауы. Осы байқауда көзге түсіп, жеңімпаз атанған кинофильмдерді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қолға алып, жарыққа шығарады.
Жыл сайын байқаудың кәсіби әділ-қазылары қатарында қазақстандық және шетелдік кино саласындағы ірі тұлғалары бой көрсетеді. Әр жылдарда қазылар алқасында Александр Митта, Лейла Аранышева, Ханс-Йохим Шлегель, Наталья Аринбасарова және тағы да басқа кино ардегерлері жұмыс жасап келді.
Құрметті қонақтардың ішінен Ұлыбритания елінің режисері Питер Гринуэйді, Америка Құрама Штаттарының актеры Майкл Мэдсенді, Польшаның актрисасы Барбара Брылскийді, ресейлік режисер Егор Кончаловскийді, ресейлік жазушы-сатирик Михаил Задорновты, Францияның актрисасы Мишель Мерсьені және тағы да басқа өнер жұлдыздарын кездестіруге болады.
Осы жылы арнайы «Шәкен жұлдыздары» байқауына француздық киносыншы Жан Руа келмек. Сонымен қатар үндістандық актер Джаред Джаффри және басқа да кино актерлері бас сұқпақ.
Байқауға қатысқысы келетінін білдіріп, іріктеу комиссиясына әлемнің 31 елінен 450-ден аса өтініш түскен. Бірақ байқауға солардың ішінен 54 кинофильм таңдалған. Оларға төмендегідей номинациялар беріледі: «Дебют», «Жастардың киносы», «Студенттерге арналған кинофильм», «Анимация».
Қазақстан кинобайқауда сегіз кинокартинаны ұсынады. Олардың ішінде Айнұр Исмаилованың «Әкесі», Бауыржан Жаханұлының «Кім кінәлісі» мен Мұрат Біләлұлының «Суретшісі» бар.
Айтпақшы, кинокөрсетілімге кіру мен шеберлік сабақтарға қатысу - тегін.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: inform.kz