Халықаралық кинофестиваль: "Әкеге қоңырау шалу" фильмінің көрсетілімі

Халықаралық кинофестиваль: "Әкеге қоңырау шалу" фильмінің көрсетілімі
Фото: vk.com

Серік Апрымовтың "Әкеге қоңырау шалу" фильмі XI Халықаралық "Шығыс&Батыс. Классика мен Авангард" кинофестивалінің бағдарламасында таныстырылды. Кинокөрсетілім Ресейдің Оренбург қаласында өтіп жатыр және 30 тамызға дейін жалғасады.

Қазақстандық фильм әлемнің түкпір-түкпіріндегі картиналар таныстырылатын халықаралық байқау бөліміне енді. Бельгия, Германия, Қытай, Польша, Ресей және Словения елдерінен келген 10 жұмыс бәсекелес болмақ.

"Әкеге қоңырау шалу" таспасы қаладан шалғай жерде орналасқан ауылда тұратын бала Еркен жайлы баяндайды. Балақай басқа балалардан өзгерек, ол шынайы өмірді қияли әлеммен шатастырады. Еркен мектепке баратын жасқа жеткен, дәрігерлер оны арнайы интернатқа беруді ұсынады.

"Шығыс&Батыс. Классика мен Авангард" 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Фестивальдің 10 жылдық тарихында оған әлемнің 50 елінен келген кинематографшылар қатысты, мыңнан астам шетелдік және ресейлік фильмдер көрсетілді. Жыл сайын көрсетілім жеңімпаздарына "Алтын Сармат арыстаны" марапаты табысталады.

Еске сала кетсек, "Әкеге қоңырау шалу" алдыңғы жолы "Фаджр" (Иран) және "Алтын өрік" (Армения) фестивалінде, сондай-ақ XL Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде (Ресей) таныстырылған болатын.

www.brod.kz

А. Оралқызы