Хабар» арнасы «Бақытыма сенемін» атты жаңа сериал ұсынды. Бұл телехикаяда бизнесменнің Арсен атты баласының оқиғасы көрсетіледі. Ол күзетшіні соққыға жыққаны үшін 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады.
Ерке болып өскен бай жігіттің өмірі өзгере бастайды. Өз махаббатын табады. Бұл кинотуынды достық, махаббат, қарым-қатынас, сатқындық сынды көріністерді бейнелейді.
Сериалды түсіруге «Кухня», «Универ», «Интерны» секілді танымал жобалардың авторлары да атсалысты. Актерлік құрамы да көрерменді қуантары сөзсіз. Мұнда сіз Шер Али, Бибігүл Ақтан Сүйіншәлі, Жәния Джуринская, Луина сынды әртістердің рөлін тамашалай аласыз.
Сериалда ойнаған Бибігүл Ақтан: «Біздің ұжым тамаша. Бір-біріміздің көңіл күйімізді көтеруге тырысамыз. Түсірілімнен тыс уақытта үнемі қызықтармен бөлісіп отырамыз, КВН-де ойнайтын жігіттер барлығымызды күлдіріп отырады» деді. Бибігүл Сүйіншәлі тұрмыс құрып, Мәскеуде тұрып жатыр. Бибігүлді халық Нұрлан мен Мұраттың "Жұлдызым" бейнебаянындағы рөлі және "Громовы" сериалындағы көрші қыздың рөлімен таниды. Бой жеткен шағында Бибігүл Айқынның "Жалғыз сен" бейнебаянына түсіп, қайта жарқ етті.
Сериалдың режиссері Станислав Булов: «Сюжеттің сырларын ашпай-ақ қояйын, бұл оқиға махаббат пен қарым-қатынас туралы. Сериал барысында талай күлкілі оқиғалар да болады. Айтпақшы, сценарий дайын болған соң «Евгений Маштаков» атты рөлге адам іздедік. Сонда бізге Сергей Маштаков деген адам келді. Сериалдағы және шынайы өмірдегі тегі бір болып шыққаны қызық. Сонымен бірге басты рөлдегі актер французша сөйлеуі керек болды. Алайда ол франуз тілін білмегендіктен, Кристина атты қызды шақырып, үйретуді тапсырдық. Кейін оны режиссерлік шартылдақпен жұмыс істеуге алған едік. Оны кадрда көргенімізде, сериалдағы рөлдердің бірін ойнауы мүмкін деген ой келді. Сөйтіп шартылдақ ұстаған қыз актриса болып шықты».
Жобаның бас продюсері Александр Суслов: «Сериалда жаңа, халыққа бейтаныс адамдар көп. Олардың көбі кәсіби актерлер. Бұл олардың алғашқы жобалары болғанмен, тамаша ойын көрсетті. Оның үстіне Мәскеуден кәсіби аппаратура алып келдік. Сапасы жоғары «өнім» жасауға тырыстық» деп пікір білдірді.
Сериалдың бірінші бөлімі Арсеннің Халыққа Қызмет Көрсету Орталығында шу шығарып, қоғамдық жұмыс істеуге жазаланғанымен басталады. Өз сүйіктісін тауып, мансапта да табысқа жеткен Динара атты қыздың тағдыры да екінші планға өткен жоқ. Бір жағынан Арсеннің еркелігі мен жалқаулығы бейнеленсе, екінші жағынан ақылды, жас арудың өмірі бейнеленеді.
14 бөлімнен тұратын «Бақытыма сенемін» сериалы еліміздің астанасында түсірілді.
Жаңа сериал қазақстандық көрерменнің жүрегін жаулай ала ма? Өз пікіріңізді қалдырыңыз. Сериалды мына сілтемеге өтіп, көре аласыз.