- Негізгі бет
- Кино
- ХI халықаралық «Еуразия»...
ХI халықаралық «Еуразия» кинофестивалі
Алматыда ХI халықаралық «Еуразия» және І халықаралық «Шәкен шоқжұлдызы» кинофестивалі өтіп жатыр.
Айтулы шараға орай Қазақстан және әлем кинематографистері, қазылар алқасы қызыл жолақпен жүріп өтті. Олардың ішінде ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, «Еуразия» КФ президенті Айман Мұсақожаева, Ресей әртісі Наталья Аринбасарова, кинофестивальдің бас директоры Рашид Нұғманов, қазылар алқасының төрағасы Абдеррахман Сиссако, режиссер Ақан Сатаев, Қарлығаш Мұхамеджанова, Әсел Сағатова, Аружан Жазылбекова, шоумен Нұртас Адамбай және басқалар кештің құрметті қонағы болды.
Биыл аталған байқау аясында «Ұлы Жібек жолы» тақырыбының 10 картинасы ұсынылады. Оның ішінде отандық режиссер Ермек Тұрсыновтың «Жат» кинолентасы бар.
Мәдени шараға арнайы келген қала әкімі Бауыржан Байбек қонақтарды мерекенің ашылуымен құттықтады.
«Алматыда небір үздік туынды түсіруге лайық болатын табиғи ландшафт бар. Қазақстанда түсірілетін 10 фильмнің 7-еуі Алматыда түсіріледі. Бұл кинофестиваль киноөнерінің дамуына тың серпін береді деп сенемін. Бұл бастаманы барынша қолдаймыз», - деді қала басшысы.
Кинофестиваль бағдарламасы Ақан Сатаевтың канадалықтармен бірігіп түсірген «Хакер» картинасымен ашылды. Басты рөлді америкалық актер Каллэн Мак Олифф сомдаған.
Жабылу салтанаты 25 қыркүйекте болады.
Дереккөз: inform
Н. Нұрмаханұлы