Режиссер Ридли Скотт Gucci сән империясы туралы өмірбаяндық драма түсірді. Оны аталған бренд иелерінің бірі Альдо Гуччидің мұрагерлері сынға алды. Өздерінің ресми мәлімдемесінде олар "Гуччи үйі" фильмінде отбасы мүшелері жалған образда бейнеленгенін және бренд имиджі мен беделіне төнген қауіп деп санайтынын айтады.
Мұрагерлер фильмді түсіруші топ сценарийді жазбас бұрын олармен ақылдаспағанын да атап өтті. Олардың ойынша, "фильмдегі Гуччи әулеті өңкей содырлар, өздерінен өзгелерге бейжай қарайтын жауыз және адами сезімдерден ада етіп көрсетілген», ал драманың өзінде "ақиқаттан тым алыс детальдар" көптеп қамтылған. "Бұл адами тұрғыдан өте ауыр және бүгінде бренд иегерлерінен қалған мұраны қорлау", - деді сән үйінің мұрагерлері.
Отбасы мүшелеріне, әсіресе, Леди Гага сомдаған Патрисия Реджани кейіпкері ұнамаған. Олардың пікірінше, 1998 жылы күйеуін тапсырыспен өлтіргені үшін сотталған Маурицио Гуччидің (Адам Драйвер) әйелі "мачизм мен шовинистік корпоративтік мәдениет ортасында қалған құрбан" ретінде бейнеленген, бұл шындықтан алыс. Мәлімдемеде сол жылдардың өзінде компания инклюзивті саясатты ұстанғаны және көптеген басшылық қызметтерді әйелдердің атқарғаны айтылған.
Гуччи отбасының өкілдері фильмді түсіруге атсалысқан Scott Free Shingle және Universal киностудияларына әзірге ешқандай заңды санкция салған жоқ, бірақ олардың ар-намысын қорғау үшін қажетті шараларды қабылдау құқығын өз еншісіне қалдыратынын атап өтті.
"Гуччи - ата-бабаларының еңбегін құрметтейтін әулет, олардың аруағын шындыққа жанаспайтын және кейіпкерлерін әділетсіз түрде ғайбаттайтын жалған спектакль қою үшін қорлаудың қажеті жоқ", - делінген хабарламада.
"Гуччи үйі" картинасы Сара Гей Форденнің 1995 жылы Патрисия Реджиани тапсырысымен өлтірілген Маурицио Гуччидің жанжалды оқиғасын баяндайтын кітабына негізделген.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Гуччи сән үйі туралы көркем фильм көрермен назарына ұсынылды. Нақтырақ айтсақ, жаңа туындының оқиға желісі фэшн-империяның мұрагері Маурицио Гуччи өлімінің төңірегінде болды.
Леди Гага кейіпкері – Маурицио Гуччидің жұбайы Патриция Реджиани. Маурицио Патрициямен ажырасып, 1995 жылы басқа әйелге үйленбек болады. Алайда, бұрынғы әйелі миллиардтаған еуро тұратын мұра оның жас келіншегімен бөліске түседі деген қорқыныштан киллер жалдап күйеуін өлтіреді. Кейін ол "Гуччи империясының қара жесірі" атанып кетеді.
Екі жыл өткен соң Патриция Реджиани кінәсін мойындайды, сөйтіп 1997 жылы сотталады. Ал 2016 жылы босап шығып, алтынмен апталып, күміспен қапталған сарайына қайта оралады.
Кезінде ол: "Көк тиынсыз қалып, жылап отырғаннан, Ламборгинидің ішінде жылағаным артық" - деген екен. Есесіне, күйеуінің атасынан қалған мұра мұның қыздары – Алессандра мен Аллеграның еншісіне өтіп, қызығын әлі осы әйел көріп келеді.
Фильм сюжетіне Сара Гэй Форденнің “Гуччи үйі: Сенсациялық қылмыс, ессіздік, гламур мен сараңдық оқиғасы” аталатын кітабі негіз болған.
Жалпы картинаға атақты актерлер топтастырылған. Мысалы, Паоло Гуччиді Джаред Лето, Альдо Гуччиді Аль Пачино, Родольфо Гуччиді Джереми Айронс пен Джузеппина Ауриемманы Сальма Хайек ойнайтыны белгілі.
Леди Гаганың кейіпкері: "Оларда бәрі бар еді: байлық, стиль, билік. Бұл аталғандар үшін кім қылмысқа бармас еді?!"- дейді бір сценада.
"Гуччи үйі" АҚШ-та 24 қарашада прокатқа шықты. Бар болғаны 5 күн ішінде 23 миллион доллар жинады.