Америкалық кинорежиссер және сценарист Мэттью Вайнер тарихы құпияға толы ресейлік патша отбасы Романовтар әулеті туралы сериал түсірмек ниетте екенін хабарлады.
Жоба The Romanoffs деген атауға ие болды, яғни, қазақша "Романовтар". Вайнер өзі жоспарлап отырған сегіз серияның кем дегенде төртеуін түсіреді. Әр серия бір өзі толыққанды бір сағаттық сюжетке құрылады.
"Романовтар" сериалының премьерасы 2018 жылға жоспарланып отыр. Бұл танымал режиссер түсіргелі отырған екінші сериал.
Ресей тарихында елеулі орын алатын Романовтар әулеті туралы танымдық ақпарат алғысы келетін оқырмандарға арнайы шағын мәлімет ұсынып отырмыз.
Романовтар әулеті — 1613 пен 1917 жылдар аралығында Ресейді билеген, аса танымал патша династиясы. Құжаттар бойынша әулет XIV ғасырдың ортасында өмір сүрген А.И. Кобыла есімді бояриннен бастау алады.Ол XVI ғасырдың басына дейін Кошкиндер әулеті, сонан соң Захариндер әулеті деп аталды. Романовтар әулетінің күшеюі 1547 жылы Иван ІV патша Романның қызы Анастасияға үйленуінен басталды. Осы оқиғадан кейін Анастасияның ағасы Никита патшаның ең жақын кеңесшісіне айналды. 1598 жылы Иван ІV-нің Анастасиядан туған баласы Федор Ивановичтен мұрагер қалмай қайтыс болғаннан кейін Рюрик әулеті биліктен кетті.
Одан соң патша болып шоқынған татар Б.Годунов сайланады. Ол Романовтар әулетін өзінің бақталасы санап, оның өкілдерін қудалайды. Федор Никитич Романовтың шашы алынып, Филарет деген атпен монастырьге жіберілді. 1605-13 жылдары Ресейде болған бұлғақ жылдары таққа отырған жалған патша Лжедмитрий ІІ Тушинодағы лагерінде Филаретті орыс патриархы деп жариялады. 1610 жылы елшілікпен Польшаға барып, сонда тұтқынға алынды. 1613 жылы 21 ақпанда Земский Соборында Федор Никитич (Филарет) Романовтың 16 жасар ұлы Михаил орыс патшасы болып тағайындалды. Іс жүзіндегі билік оның әкесі Федордың қолында болды. Алексей Михайловичтің патшалығы кезеңінде әлеуметтік және саяси өмірде қайта құрулар жүргізілді. Оның аурушаң мұрагері Федор Алексеевич алты жылдай билік құрды.
Ол өлген соң Петр І патша болды. Оның билігі кезінде елде ірі реформалар жүргізіліп, Ресей Еуропаның ең күшті елдерінің біріне айналды. 1721 жылы Петр І Ресей императоры атанды. Ол өлген соң таққа жесірі Екатерина І отырды. Петрдің ұлы ханзада Алексей Петрович әкесіне қарсы қастандыққа қатысушы деп айыпталып, 1718 жылы маусымда өлтірілді. Оның ұлы Петр ІІ Алексеевич 1727-30 жылдары билік құрды.
Кейін Романовтар әулетінен еркек кіндікті ұрпақ болмай, 1730-40 жылы Алексей Михайловичтің Иван есімді баласынан туған немересі Анна Ивановна, ал 1741-61 жылдары Петр І-нің қызы Елизавета Петровна патшалық құрды. Ол қайтыс болған соң Романовтар әулетінен тараған әйелдер қауымынан да ешкім қалмады. Кейін Ресей тағына Балтық жағалауынан келген, Петр І-ге жиен болып табылатын Гольштейн- Готторптар өкілдері Романовтар әулеті атанып, билік құра бастады.