- Негізгі бет
- Кино
- Ғалымдар Брюс Ли...
Ғалымдар Брюс Ли өлімінің құпиясын ашты
Ғалымдар әйгілі Брюс Лидің гипонатриемиядан – қан плазмасындағы натрий деңгейінің жеткіліксіздігінен қайтыс болуы мүмкін деген болжам жасаған зерттеу жариялады.
Әйгілі актер, кунг-фудың аңызы Брюс Ли суды көп ішкендіктен өлуі мүмкін. Бұл туралы Мадрид автономиялық университетінің (UAM) испан ғалымдары мәлімдеді.
«Актердің бүйрегі артық суды көтере алмағандықтан қайтыс болды деп есептейміз», - деп жазды сарапшылар тобы Clinical Kidney Journal журналында жарияланған зерттеуде.
Актердің өлімі суға байланысты ма?
Брюс Ли 1973 жылы 32 жасында қайтыс болды. Сараптамадан кейін актердің өліміне миының ісінуі себеп болған. Ол Брюс Лидің ауырсынуды басатын дәрілерді көп ішуінен дамыған деп есептелді. Брюс Лиге қастандық жасалды деген ақпарат та тарады. Тіпті арнайы тапсырыспен өлтірілді деген пікірлер де болды.
Мадридтік ғалымдар 50 жыл бұрынғы өлімнің себебін анықтау үшін зерттеу жүргізген. Олардың зерттеуі киножұлдыз және жекпе-жек шебері Брюс Лидің жұмбақ өліміне суды көп ішу себеп болуы мүмкін екенін көрсетті.
Сұйықтықтың «шамадан тыс дозалануы» өз кезегінде гипонатриемияны – қан плазмасындағы натрий деңгейінің төмендеуін туғызған. Натрий ағзадағы сұйықтық тепе-теңдігін сақтау үшін қажет. Гипонатриемия актердің өліміне әкелген церебральды ісінуді тудыруы мүмкін.
Зерттеу Брюстің гипонатриемияның бірнеше қауіп факторлары болғанын анықтады. Мысалы, оның қайтыс болғанға дейін көп мөлшерде сұйықтық ішкені, сонымен қатар бүйрек қызметін төмендететін есірткі мен алкогольді қабылдағаны белгілі, деп жазады Daily Mail.
Жалпы, судың көп болуы бүйрекке ауыртпалық түсіреді.
Айта кетейік, бұған дейін дәрігерлер күніне 2 литр су ішсе не болатын айтқан еді.
Т. Раушанұлы