«Галактика сақшылары 2» туындысы бүгіннен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрында қазақ тілінде көрсетіліп жатыр. Кеше, 3 мамыр күні Kinopark 11 Esentai IMAX кинотеатрында жабық көрсетілімі өтті. Фильм қазақ тіліне «Болашақ» Корпоративтік қоры және «Marwin» компаниясының қолдауымен дубляждалды.
Marvel киностудиясының туындысын Гүлназ Әуесбаева (Гамора), Тимур Пиязов (Питер Куилл) секілді актерлер дубляждаған. Дауыстарды естіп, кейіпкердің өзі қазақша сөйлеп тұрғандай күй кешесіз.
Фильмнің желісін тура айтпасақ та, жанамалап атап шығуға болады. Фильмді тамашалау үшін арнайы энциклопедиялық танымыңыздың кең болғаны дұрыс. Мәселен, Дэвид Майкл Хассельхофф, Глен Кэмпбелл, Сэм Кук деген шетел жұлдыздары мен Looking Glass тобы туралы біліп барсаңыз, біраз қалжыңды түсініп, күлкіңізді жия алмай отырасыз. Сонымен қатар, «Смурфиктер» мультфильміндегі кейіпкерлердің түрлерін, Мэрри Поппинстің қалай ұшатынын көріп алсаңыз да артық етпейді.
Туындыда, жоқ, жалпы Marvel кинотуындысында алғаш рет Голливудтың ең күшті (мықты) актері бой көрсетеді. Бұл үлкен жаңалық болып отыр. Оны барып көргеніңіз абзал.
Киноның жарық көргеніне көп болмаса да, шетел басылымдарын аталған туындыда теологиялық негіз жатыр деген пікірлер қаптап кетті. Әйтсе де, олай деуге де негіз бар секілді. Мұны да өз таным көкжиегіңізге салып, таразылап көрсеңіз дұрыс.
Кейіпкерлерге жекелей тоқтасақ:
Питер Куилл. Бірінші бөлімдегі Питерге қарағанда бұл жолы Жұлдызды Ханзада өзіне сенімді әрі аңғал кейпінде танылады. Бірақ ойын тез өзгерте алатын қабілетін де көрсетіп жатады. Анасының өліміне кінәлі адамды (адам емес те) тапқанын айтудың қажеті жоқ секілді.
Гамора – ішкі түйсігіне бек сенгіш, алған бетінен қайтпайтын, отбасы үшін көп уайымдайтын, жаны нәзік, бірақ күші көп жан. Бірақ, музыкадағы тоннан өзгерген секілді бірінші бөлімдегі миссиясынан алшақтап кеткен секілді.
Дракс – алып. Бірақ жүрегі тым нәзік. Орынды-орынсыз қалжыңдай беретін, аңғал, құпия жасыра алмайтын кейіпкер. Алдыңғы бөлімге қарағанда ең көп сөйлейтін кейіпкер де осы болар.
Рокет (Ракета) – ісіне адал жанат. Ешкімді ренжіткісі келмесе де, байқаусызда жаза басып қалатын сүйкімді образ. Алдыңғы бөлімге қарағанда адамгершілігі оянғандай көрінеді. Ол әлі өзінің кім екенін білмейтін де секілді. Біреу «тұмсығы ұзын маймыл» десе де, «тышқан» десе де, «қоқыс пандасы» десе де «Шынымен, солай ма?» деп сеніп қалатыны бар.
Кішкентай Грут. Грутты Вин Дизель сомдады десек, күлкілі естіледі, иә? Алып денелі, тақырбас Виннің бұл образды қалай жасағаны белгісіз. Сүйкімділігімен қоса, алғырлығы «жаңа» Грутты ерекшелеп тұрады. «Атым Груттан» аса алмайтын балақайдың ашуы көрерменді де қорқытуы мүмкін.
Фильмнің сиквелі де жоспарланып жатыр. Режиссер мен сценарий авторы кезекті фильмнің сценарийін дайындауға кіріскенін де хабарлаған.
Егер фильмді көріп жатсаңыз, жоғарыда айтылған қарарларға пікіріңізді жаза отырыңыз.