- Негізгі бет
- Кино
- Феллини шығармашылығы несімен...
Феллини шығармашылығы несімен бағалы?
Италия жұртының ұлы перзенті, талантты режиссер, кинематограф кемеңгері Федерико Феллинидің дүниеге келгеніне бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жүрегі өнер деп соққан әр адам үшін оның есімінің жаңғырығы аспанға құлаштамаса, еш бәсеңдеген жоқ. Міне, бүгін «Оскар» сыйлығын 5 мәрте иеленген бірегей тұлғаның жарық дүние есігін ашқанына 102 жыл толды.
Кино әлемінде мұндай мойындауға қол жеткізгендер жоқтың қасы. Сөзсіз талант иесінің осынша құрметке бөленуінің себебі де жоқ емес. Осындай атаулы күннің құрметіне Феллинидің кинематографта бағаланатын қасиеттерін әңгімелекпіз.
Кино өнеріндегі мансабын Феллини соғысқа дейін, яғни, фашизм заманында бастады. Сол себепті, ол кинематограф саласындағы ең демократиялық ағым саналатын неореализмнің негізін қалаушылардың бірі болды.
Оның балалық шағы Адриатикадағы Римини курорт-қаласында өткен. Кейін режиссер өз туындыларында қарапайым отбасы өмірі, балалық шақ қызықтары, курортта демалушы жұртшылық секілді күнделікті өмір тіршілігін көрсетті. Оның кейіпкерлері – голливуд мықтылары мен байлары емес, қарапайым адам. Феллинидің Адриатика теңізі жағалауында өмір сүретін 5 жігіт туралы «Бір ананың балалары» және Венеция кинофестивалінде «Күміс арыстан» иеленген «Ақ шейх» секілді фильмдері неореализм бағытында түсірілген.
Одан кейінгі Оскар иеленген «Жол» мен «Кабирия түндері» атты картиналары да осы бағыттың жалғасы еді. Аталған фильмдердегі басты рөлдерді режиссердің өмірлік жары, 50 жыл отасқан жұбайы Джульетта Мазина сомдаған болатын. Оның кейіпкерлері хас сұлу болмаса да, ақкөңіл, пәктігімен баурап алатын. Мазинаны осыдан кейін «Белдемшедегі Чаплин» атап кетті.
Феллини осы туындылары арқылы қарапайым адамның өмірдің ызғарына төтеп беру арқылы, мақсатына жетіп, бақыт кешуін бейнеледі.
1959 жылы Феллини ең танымал және қайшылықтарға толы «Тәтті өмір» картинасын дүниеге әкелді. Фильмнің басты кейіпкерін Марчелло Мастроянни сомдаған болатын. Журналист кейіпкер өз-өзін табу, ұғыну жолында бір әйелден екінші әйелге ауысып, сұрықсыз ғұмыр кешіп жүреді. Ең алғаш «дольче вита» және «папарацци» ұғымдары да көрерменге осы фильм арқылы жеткен болатын. Кино кейіпкері өңі мен түсінің арасында өмір сүреді. Оның қиялы мен арманының дәл шын өмірдегі оқиғалардай маңызы бар. Ол да өзінше бір шындық.
Фильм жарыққа шыққан бойда оны көрсетуге тыйым салынды. Әсіресе, Италия мен Испанияда. Иисус мүсінін тікұшақпен алып келе жатқан сцена Ватиканның қаһарын тудырды. Алайда, қашанда құпияға құштар адам болмысы бұл фильмге деген қызығушылықты одан әрі арттырды.
Өзінің новаторлық тәжірибесін Феллини «8½» фильмімен жұмыс істеу барысында одан әрі жалғастырды.
Оқиғалар желісіне бағынбау Феллинидің фильмдерін өзгелерден ерекшелеп тұратын. Ол: «Қазір фильмдер прозадағыдай баяндау мәнерінен поэзия деңгейіне өтіп келе жатыр. Мен өзімді шектегім келмейді. Туынды поэма болуы тиіс» - дейтін.
1978 жылы Феллини «Оркестр даярлығы» атты сюрреалистік фильм түсірді. Бірақ, бұл бағытта жұмыс жасау Феллинидің көрермендерін жоғатуымен тынды. Өйткені, сюрреализмді қабылдау кез келгеннің қолынан келмейді. Өз өнеріне табынушылардың азайғанын көрген режиссер: «Менің көрерменім өлді» - деген екен.
Дегенмен, революционер әрі реформатор Федерико Феллини – кино өнерді жаңа бағытқа бұрып, өзіндік қолтаңба қалдырған ерекше тұлға, тума талант.
А. Оралқызы