VIII "Еуразия" кинофестивалінің іріктеу комиссиясы конкурстық бағдарламаға кірген картиналарды анықтады. Тізімде Еуропа, Азия, Орталық Азия, ТМД елдері режиссерларының ұзын саны 12 фильмі бар. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі кинофестивальдің іріктеу комиссиясына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Еуропа бұл жолы 3 лента ұсынып отыр - "Аңшылық" (Дания, 2012 жыл), "Ашық әңгіме" (Франция-Польша-Германия, 2011 жыл), "Балалар қаласы" (Грекия, 2011 жыл). Айта кетелік, "Аңшылық" фильмі бұған дейін Канн фестивалінде үздік ер адамның рөлі сыйлығын жеңіп алған болатын. Салтанатты шараға картинаның режиссері Томас Винтерберг (Thomas Vinterberg) пен кинода басты рөлді сомдаған Мадс Миккельсен (Mads Mikkelsen) келіп, қонақ болады деп күтілуде. Ал "Ашық әңгіме" фильмі Берлин кинофестивалінде бағын сынаған болса, "Балалар қаласы" грекиялық фестивальде "Грекияның үздік фильмі" атанды.
Фестивальде көрсетілетін Азиялық фильмдердің де саны үшеу. Олар Ким Ки-Дуктың "Понсан тазысы" фильмі (Оңтүстік Корея, 2011 жыл) және "Аспан түсі" (Үндістан, 2012 жыл), "Мәңгілік мәңгіге созылады" (Түркия, 2011 год) картиналары.
Соңғы айтылған түрік фильмі туралы отандық режиссер Нариман Төребай: "Өте әдемі, қызық фильм", - деп баға берді. Айта кетелік, іріктеу комиссиясының мүшесі Нариман 2011 жылғы "Еуразия" фестивалінде "Ашық күндер" фильмімен үздік режиссерлік жұмыс сыйлығын жеңіп алған болатын.
ТМД-да түсірілген фильмдерден екі лента - бұған дейін Берлин кинофестиваліне қатысқан "Конвой" (Ресей, 2012 жыл) және биыл тұсауы кесілгелі отырған "Графоманынң оқиғасы" (Украина, 2012 жыл) картиналары көпшілікке жол тартады. Іріктеу комиссиясының мүшесі Гүлнар Әбікееваның айтуынша, украиндық лентаның жұмыс тобы жиынға келіп, қонақ болуы мүмкін. Ресейлік фильмдегі басты рөлдердің бірін қазақстандық актер Азамат Ниғматовтың сомдағандығын да айта кетелік.
Орталық Азиядан 4 фильм көрерменге жол тартпақ. Атап айтсақ, Варшавадағы кинофестивальге қатысқан "Келісім жорамалы" (Ресей-Тәжікстан, 2011 жыл), Өзбекстандағы әйел адамдарға деген қарым-қатынас проблемасы көрсетілген "Паризод" (Өзбекстан, 2012 жылы) фильмі, Канн фестиваліне қатысқан "Студент" (Қазақстан, 2012 жыл) және ауылдан қалаға келген жас жігіт туралы түсірілген "Кішкентай" ( Қазақстан , 2012 жыл) картинасы.
Бұдан бөлек кинофестиваль аясында қазақстандық 16 фильм көрсетіледі. Оның 12-сі конкурстан тыс "Динамикалық қазақстандық кино" бағдарламасы аясында көрерменге ұсынылады.
"Еуразия" фестивалі үстіміздегі 2012 жылдың 17-22 қыркүйегі аралығында Алматы қаласында өтеді. Қазылар алқасының төрағасы әлемге "Троя", "Посейдон" фильмдерімен танымал Вольфганг Петерсен екендігін де айта кетелік. қазылар алқасының құрамына Қазақстан атынан режиссер Әмір Қарақұлов ұсынылды.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: eurasiaiff.kz