Атақты колумбиялық лаңкес, аса ықпалды қылмыскер Пабло Эскобардың өмірі көпшілікті қызықтырары анық. Өйткені, кедейліктен көз ашпаған Эскобардың дәулет пен даңққа қалай қол жеткізгені және оның есімін естігендердің төбе шашы тік тұратындай жағдайға қол жеткізгені ешкімді бей-жай қалдырған емес. Эскобар есіміне қатысты аңыз-әңгімелер мен оның жеке заттарын жинақтайтын адам саны да аз емес. Ал, шығармашылық адамдары өмірі нағыз романтикадай көрінетін Эскобар образын әлі күнге дейін жаңартып келеді.
Мысалы, жақында Netflix арнасында Narcos сериалы, одан кейін "Америкалық алаяқтық" фильмі шықты. Бұлардан беріде кино әлеміне қызығушылар назары "Паблоны сүю" фильміне ауып отыр. Оның премьерасы Венеция кинофестивалінде өтпек. Наркобарон мен оның махаббатының рөлін ерлі-зайыпты Хавьер Бардем мен Пенелопа Крус сомдаған.
Режиссер Фернандо Леон Де Араноаның картинасы Паблоның сүйіктісі болған Вирджиния Валледжо есімді колумбиялық журналистің мемуарлары бойынша түсірілген. Фильм премьерасы алдын ғаламторда шағын 2 үзінді пайда болды. Олардың бірінде наркобарон мен журналистің интервью алдындағы алғашқы кездесуі, ал екіншісінде екеуінің ресторанда отырған сәті көрсетіледі.
"Мен Вирджинияны кінәлай да, жақтай да алмаймын. Менің ойымша, ол өзінің қандай әлемге тап болғанын түсінбей қалғанға ұқсайды. Ал, шындықпен бетпе-бет келгенде одан арыла алмады. Маған фильмнің нарко әлемді шынайы көрсететіні ұнады ", – деді Пенелопа Крус өзі сомдайтын кейпкер туралы.
"Паблоны сүю" фильмі прокатқа желтоқсан айында шығады.