- Негізгі бет
- Кино
- Ермек Тұрсыновтың "Кенже"...
Ермек Тұрсыновтың "Кенже" фильмі прокатқа көктемде шығады
Алматыда Ермек Тұрсыновтың "Кенже" фильмі тұңғыш рет көрсетілді. Картина - режиссердің құрамына "Келін", "Шал" фильмдері кіретін трилогиясының соңғы бөлімі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Картина продюсері Александр Вовнянконың айтуынша, "Кенже" прокатқа наурыз айының соңында - сәуір айының басында шығарылады. "Бүгін "Кенженің" ресми көрсетілімі емес, бүгін - Олег Борецкий клубында жабық түрде көрсетілуі. Біз Ермек Тұрсыновтың барлық фильмін осында алғаш рет көрсеткенбіз, содан кейін барып кең прокатқа шығады", - деді ол.
Киносыншы Олег Борецкийдің айтуынша, режиссер көпшілік көрерменге арналған және жанрлық киноны теңдестіре алған, сонымен қатар лентада терең философиялық сәттер де бар. "Мен бір сұхбатымда "Ермек Тұрсынов - біздің барымыз" дегенмін. Сценарий бойынша да, кинематография бойынша да. Бұл жанрлық кино ғана емес, бізді ойлануға мәжбүрлейтін кино да. Егер бізде бір сәттік мәселелерден гөрі қоғамда болып жатқан терең процестерді де көтере алатын осындай режиссерлер көп болса, біз одан тек қана ұтар едік", - деді Борецкий.
"Кенже" фильмі Таиландта және Испанияның Майорка аралында түсірілді. Венгрия, Ресей, АҚШ кәсіпқойларынан тұратын түсіру командасы тәулігіне 12 сағаттан жұмыс істеді. Трюктерге Жайдарбек Күнқожиновтің "Номад" каскадерлер тобы жауапты болды. Басты рольдегі Жандос Айбасовтың трюктерін дублер орындады. Бас кейіпкердің әйелі ролінде актриса Айнұр Ниязова ойнады. Картинадан Ольга Зайцева, Михаил Хмуров сияқты Ресей актерлері мен "Жаужүрек мың бала" картинасы арқылы таныс қазақстандық актер Эдуард Оңдарды да көруге болады.
"Кенже" ата-анасынан ерте айырылған ағайындылар туралы. Ауылдағы балалар үйіне орналастырылған бауырлар қалаға қашып кетеді. Арада біраз уақыт өткенде ағайындылар кісі өлтіруге тапсырыс қабылдап, табыс таба бастайды. Бас кейіпкерлер сатқындықты, түңілу мен қатыгездікті бастан өткереді.
сурет: ©Ізтұрған Алдауев
Е. Қайрахан