- Негізгі бет
- Кино
- Ермек Тұрсынов фильмдерінің...
Ермек Тұрсынов фильмдерінің фестивалі өтеді
22 қарашада «Хабар» телеарнасында Ермек Тұрсынов фильмдерінің фестивалі басталады. Фестиваль аясында атақты қазақстандық режиссердің бірнеше картинасы көрсетілетін болады.
«Хабар» арнасы әр фильмді көрсетер алдында көрермендер назарына режиссер мен актерлік құрам қатысуымен өтетін бағдарлама ұсынады. Телефестивальге арнайы түсірілген бағдарламалар эфирінде «Келін», «Шал», «Кемпір», «Кенже» және «Жат» фильмдерінің түсіру топтары фильмді жасау идеясы, түсірілімдер үдерісі және жобамен жұмыс жасау ерекшеліктері туралы айтты.
Фестиваль қалыңмал үшін күйеуге берілген қыз жайлы тілсіз бейнелейтін «Келін» фильмінен басталады. Фильмдегі оқиғалар адамның іс-әрекеті күнкөріс заңдарымен айқындалған көне түркі заманында өрбиді. 2009 жылы фильм «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын алу шорт-листіне кірді. Фильм «Хабар» арнасы эфирінен 22 қарашада сағат 16.45-те көрсетілетін болады.
Кинофест «Шал» фильмінің көрсетілімімен жалғасады. Э. Хэмингуэй «Шал мен теңіз» шығармасының желісі бойынша түсірілген «Шал» бетпақ далада адасқан шал жайлы. Басты рөлде осы фильмдегі рөлі үшін Азия-Тынық мұхиты аймағы киноакадемиясының «Asia Pacific Screen Awards» премиясына номинацияланған Ерболат Тоғызақов ойнайды. Фильм бірнеше халықаралық сыйлықтарға, соның ішінде Ирандағы «Фаджр» халықаралық кинофестивалінде үздік техникалық және шығармашылық жетістіктері үшін сыйлыққа, «Золотая лоза» бас жүлдесіне және Анапедегі «Киношок» ТМД және Балтия елдерінің ашық кино фестивалінде ер адам рөлін үздік ойнағаны үшін сыйлыққа ие болды. Фильмнің көрсетілімі 29 қарашада сағат 16.45-те болады.
«Шал» фильмі көрсетілімінен бір аптадан кейін, 6 желтоқсанда арна эфиріне «Кемпір» картинасы шығады. Комедия шалғайдағы қазақ аулының тізбектелген қызық оқиғаларына тап болатын егде жастағы отбасылық жұбы жайында. Фильмдегі басты рөлдерді Ғазиза Әбдінәбиева мен Қадырбек Демесін ойнайды.
Фестивальдің келесі фильмі «Кенже» – кішкентайынан өз қамын өздері ойлаған, ерте жетім қалған екі бауырдың тарихы. Фильмдегі ағалы-інілінің рөлдерін Жандос Айбасов пен Эдуард Ондар ойнап шығады. Фильм 13 желтоқсанда көрсетілетін болады.
Фестиваль 20 желтоқсанда Қазақстаннан «Шет тіліндегі үздік фильм» санаты бойынша «Оскар» сыйлығына ұсынылған «Жат» фильмімен аяқталады. Картина негізінде Ермек Тұрсыновтың БМКИ-де дипломдық жұмыс ретінде жазылған және 25 жылдан кейін экранға шығарылған повесі жатыр. Фильм ұжымдастыру жылдары болған оқиғалар туралы баяндайды. 9 жасар Ілияс жетім қалғасын өз аулынан орманға кетіп қалады, сол орманда өз әлемінде өмір сүре бастайды. Ермек Тұрсынов бұл фильм туралы: «Өз таңдауын жасаған және өмірінің соңына дейін адам болып қалғысы келген адамның тарихын баяу дауыспен жеткізгіміз келді», – дейді.
Режиссер және сценарист Ермек Тұрсынов 1961 жылғы 20 шілдеде Алматы облысында дүниеге келген. Журналистика мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және С.А. Герасимов атындағы БМКИ сценарий-кинотану факультетін тәмамдады. Өзінің режиссерлік мансабын 2008 жылы «Келін» фильмінен бастады.
Г. Берік