"Ержүректер қаласы" - балаларды адамгершілікке тәрбиелейтін мультфильм

"Ержүректер қаласы"  - балаларды адамгершілікке тәрбиелейтін мультфильм

Қазан айының 21-жұлдызында Меломан холдингі мен Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің ұйымдастыруымен «Ержүректер қаласы» мультфильмінің алғашқы көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.

Өмірдегі құбылыстың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты екендігі туралы ойланып көрдіңіз бе? Адам баласы өзгеге не тілесе, ол өзіне қайтып келеді. Жұртқа еткен жақсылығым қайтпады деп емес, оны ешбір мақсатсыз жасаңыз. Сол кезде барлығы жақсы болады. Өмір бізді қиын жолмен жүргізіп, қатал сынаса да, біз мойымауымыз керек. Әсіресе жақындарымыздан айырылған сәтте кектенбей, керісінше игі істерге ұмтылғанымыз жөн. Өз бетімізше тәжірибе жинауға ұмтылсақ та, университет пен мектеп қабырғасында алатын жүйелі білімнің жөні басқа. Ол бізді дұрыс жолға бағыттап, білмеген сұрағымызды білікті мамандардан сұрауға көмектеседі. Аталған мультфильмнің астарында осы ой жатыр. Ал қандай оқиғалар болғанын 22 қазаннан бастап отандық кинотеатрлардан көре аласыздар. Әзірге кейіпкерлер туралы қысқа мәлімет бере кетейін.

«Ержүректілер қаласы» - 2014 жылы шыққан американдық компьютерлік анимациондық фильм. Ол - «Walt Disney Animation» студиясының 54-ші толық метражды мультфильмі. Кейіпкерлері Marvel комикстерінен алынса да, өзгерістер енгізілген. Режиссерлері – Дон Холл мен Крис Уильямс.

Оқиғаның барлығы ойдан шығарылған Сан-Франсокио («Токио» мен «Сан-Франциско» қала атауларының қосындысы) метрополисінде өтеді. Бұл – Америка мен Жапонияның мәдениеті тоғысқан аймақ. 14 жастағы Хиро Хамада басынан ағасы Тадашидің өлімін өткеріп, оның қазасына себепкер кім екенін анықтау мақсатында «Ержүректілер алтылығы» атты команда жинайды. Дәл осы уақытта баланың ойлап тапқанын Йокаи атты бетперде киген жауыз ұрлайды.

Хиро Хамада – мультфильмнің басты кейіпкері, протагонист. 14 жастағы жасөспірім болса да, робот жасаудың хас шебері. Бос уақытында оның жаңа түрлерін жасап, Сан-Франсокиода өтіп жатқан роботтар сайысына қатысады. Ал ағасы Тадаши, керісінше оның университет қабырғасында білім алғанын қалайды. Бала түрлі қиындыққа тап болған кезде Бэймакс оның ең жақын досына айналады. Екеуі бірігіп ойға алған мақсаттарын жүзеге асыруға көмектесетін команда жинайды.

Бэймакс – мультфильмнің басты кейіпкерлерінің бірі. Ол адамдарды емдеп, қамқорлық көрсету үшін жасап шығарылған. Аталған үрлемелі робот өзінде бар сканер құрылғының көмегімен дене температурасын өлшеп, ауырсынудың қандай дәрежеде екенін анықтайды. Оны Тадаши Хамада құрастырған.

Гого Томаго – жылдамдықтың жанкүйері. Ол әрдайым қиындықтарға төтеп беруге дайын, әрі команданы жанындай жақсы көреді. Гого бос сөзді ұнатпайды, сағыздан көпіршіктерді үрлеп шығарып, өзіне ұнамайтын адамдарға қарай бағыттайды. Командаға қосылған кезде магнит дөңгелектердің көмегімен жылдамдықты арттыруды үйренеді.

Хани Лемон – көзіне үлкен көзілдірік таққан бұл ару химияны сүйеді, және әрдайым «Қолдан келмейтін еш нәрсе жоқ!» деген ұранмен өмір сүреді. Оны мақсатына жету жолында ешкім де тоқтата алмайды. Оның есімі аудармасында «балды лимон» мағынасын береді.

Фред немесе Фредзилла. Есімі оғаш естілетін бұл жігіт бастапқыда өмірлік мақсаты жоқ, жалқау адам болып көрінеді. Оны барлығы «тірі жарнама» деп атайды. Алайда ол өзінің жұлдызды сәтін күтіп жүрген жан. Ол барлық жауыз кейіпкерлерді өзі оқитын комикс кейіпкерлерімен байланыстырады.

Васаби – барлық заттың өз орнында тұрып, жоспардың нақты құрылуын жөн көреді. Мұнымен қатар суық қаруды қолдану тәсілін өте мықты меңгерген. Үнемі команда мүшелерін сабырға шақырып жүреді.


Комистерде Ноу Джинджер фамилиясы бар. 

Сурет: kino.ru

Қ. Бүйенбай