«Гарри Поттер» фильмінің жұлдызы Эмма Уотсон «Ару қыз бен құбыжық» (түпнұсқасы: «Beauty and the Beast», орысшасы: «Красавица и чудовище») атты диснейлік экрандалған ертегіде Белльдің рөлін сомдайды.
Эмма Уотсон өз көрермендерімен қуанышын бөлісіп, сәйкесінше, оларды да қуантпақшы. «Мен диснейлік ертегілер әлемінде Белльдің рөлін сомдайтыныма қуаныштымын, «Ару қыз бен құбыжық» мультфильмі менің балалығымның бір бөлшегі еді, бірақ, «Be Our Guest» және «Something There» әуендеріне билейтініме әлі де сенбей жүрмін», - деп, өзінің Facebook парақшасында ағынан жарылды.
Сонымен қатар, 24 жастағы Эмма өз рөлін керемет орындау үшін ән шырқауды үйренетінін де жасырмады. «Ару қыз бен құбыжық» мультфильмі – Диснейдің екі мәрте Оскар сыйлығын иемденген анимациялық фильмі. Ал Эмма қатысатын бұл туынды көрермен қауымға кино ретінде жол тартатын болады. Кино режиссері – Билл Кондон. Ол «Құдайлар мен құбыжықтар» (түпнұсқасы: «Gods and Monsters», орысшасы: «Боги и монстры»), «Дәрігер Кинси» (түпнұсқасы: «Kinsey», орысшасы: «Доктор Кинси») және «Ымырт» (түпнұсқасы: «Twilight», орысшасы: «Сумерки») атты фильмдерімен танылған еді. Ал сценарий авторы Стивен Чбоски. Фильмнің түсірілімі үстіміздегі жылы басталады.
Эмма Уотсон «Гарри Поттер» сериясындағы Гермиона Грейндж арқылы әлемге танымал атанды. Одан соң жас әртіс «Мэрилинмен өткен 7 күн мен түн» (түпнұсқасы: «My Week with Marilyn», орысшасы:«7 дней и ночей с Мэрилин»), «Дегдарлы қоғам» (түпнұсқасы: «The Bling Ring», орысшасы: «Элитное общество»), «Ақыр заман 2013: голливудша апокалипсис» (түпнұсқасы: «This Is the End», орысшасы: «Конец света 2013: Апокалипсис по-голливудски») және «Нұх» (түпнұсқасы: «Noah», орысшасы: «Ной») атты фильмдерге түскен еді. Эмма 2009 жылы Гиннес рекордтар кітабына онжылдықтағы ең қымбат әртіс ретінде енген болатын.
Оқи отырыңыз:
1. Бұл жылы қандай комедиялар көрерменге жол тартады?
2. «Хоббит: Бес алыптың шайқасы» фильмі қалай түсірілді? (Видео)
3. "Америкалықтарша тонау" фильмі көрермендерге жол тартты
4. 2014 жылғы ең бай киножұлдыз кім деп ойлайсыз?
Сурет: www.kinofilms.ua, planeta-kino.com.ua