Естеріңізге сала кетсек, «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер(Best Director) атанды. Сондай-ақ кино тақырыбында жазатын әлемнің белді бұқаралық ақпарат құралдары аталған кинотуынды жайында жақсы пікірде жарыса жазды. Ал фильмнің Солтүстік Америкадағы тұсаукесері биыл қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдынғы қатардан көрінді. Жыл сайын өтетін 12-ші Asia Pacific Screen Awards салтанатында «Өзен» фильмі «Режиссурадағы табысы үшін» сыйлығымен марапатталды. Фильмнің азиялық тұсаукесері Токио кинофестивалінің конкурстық бағдарламасы аясынды өтті. Ал Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival кинофестивалінде «Өзен» фильмі қазылар алқасының жүлдесіне – «нағыз кино тілімен бейнеленген көңіліңді бірден баурап алатын фильм» жүлдесіне ие болды. Одан бөлек, Эмир Байғазин Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының грантына («Алтын Глобус») ие болды.
«Өзен» фильмі Роттердам, Гетоборг, Варшава сынды ірі фестивальдердің ресми бағдарламаларының шеңберінде көрсетілгені туралы айта кеткен жөн.
Фильмнің жарыққа шығуына бірнеше мемлекеттер атсалысты, олар: Қазақстан (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants). Бұл туынды сценарий күйінде MPA APSA Азия-Тынықмұхиттық киноассоциациясы грантының қолдауына ие болды. 2017 жылы маусым айында бұл жоба алғаш рет Карловы Вары Халықаралық кинофестивалінің кинонарығында таныстырылып, сол жылы қыркүйекте киножоба Варшава халықаралық кинофестивалі кинонарығында Pitch and Meet жобалар байқауында бірінші орынды иеленген болатын. Картинаның пост жұмыстары 2018 жылы жаз айында Польша кинематография институтының қаржылай көмегімен Варшавадағы Orka және Dreamsound студияларында жүргізілді.
Айта кетсек, Эмир Байғазин «Өзен» фильмінде режиссер ғана емес, сондай-ақ сценарий авторы, қоюшы оператор, бас продюсер міндетін атқарды. Тіпті, бұл фильмнің монтажын да өзі жасаған.
Былтыр тамыз айында Румыниядағы Anonimul кинофестивалінде Эмир Байғазиннің ретроспективасы ұйымдастырылған болатын. Бұл фестивальде отандық режиссерге «әлемдік кинематографтың әсемділігіне жеткен жетістігі үшін» жүлдесі табысталды. Сондай-ақНорвегияның астанасы – Осло қаласында 28-ші Films from the South кинофестивалінің «Режиссердің ерекше портреті» бағдарламасы аясында Эмир Байғазиннің ретроспективасы өткен болатын.
Естеріңізге сала кетсек, трилогияның алғашқы бөлімі – «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») фильмі Қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет 63-ші Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп, «Үздік оператор» номинациясында «Күміс аю» жүлдесімен және Morgen post газетінің жүлдесімен марапатталды (2013). Жалпы, бұл кинотуынды 50-ден астам ірі кинофестивальге қатысып, жүлделі орындардан көрінді.
Трилогияның екінші бөлімі – «Төрт оқиға» («Раненый ангел») фильмінің әлемдік тұсаукесері де 65-ші Берлин кинофестивалінің Panorama Special атты ресми бағдарламасы шеңберінде алғаш көрсетілді. 2016 жылы «Төрт оқиға» фильмі Германияда өткен Fünf-Seen-Filmfestiv халықаралық фестивалінде «Үздік фильм» жүлдесін, Чонджуда (Оңтүстік Корея) өткен фестивальде арнайы жүлдені және Словакияда өткен Art Film Fest фестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесін иеленген болатын. Айта кетсек, Эмир Байғазин түсірген фильмдер Қазақстанда ғана емес, Еуропа елдерінде де прокатқа шыққан.