Норвегияның Осло қаласында қарашаның 13-і мен 18-і аралығында өткен 28-ші Films from the South кинофестивалінің Режиссердің ерекше портреті бағдарламасы аясында Эмир Байғазиннің ретроспективасы ұйымдастырылды. Отандық режиссер Өзен және Жұлдыздарды көргіңіз келе ме? фильмдерінің көрсетілімдеріне қатысып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. 2013 жылы Берлин кинофестивалінде Асланның сабақтары фильмін көрдім. Бұл туынды, мен үшін, үлкен құбылыс болды. Эмирдің нағыз талантты режиссер екенін сол кезде-ақ білдім. Сондықтан да Films from the South фестивалі шеңберінде режиссердің фильмдерін көрсетіп отырмыз. Эмирдың фильмдерін көру, мен үшін, нағыз өнермен танысумен тең, - деді фестиваль директоры Лассе Скаген. Эмир Байғазиннің соңғы екі фильмдерін қазақстандықтар да көре алады. Режиссердің Өзен фильмі бүгін, 19 қарашада, 14-ші Халықаралық Ш.Айманов кинофестивалі аясында көрсетіледі. Ал оның Жұлдыздарды көргіңіз келе ме? туындысын 22 қарашада CLIQUE фестивалінде көруге болады. Айта кетсек, биыл тамыз айында Румыниядағы Anonimul кинофестивалінде Эмир Байғазиннің ретроспективасы ұйымдастырылған болатын. Бұл фестивальде отандық режиссерге әлемдік кинематографтың әсемділігіне жеткен жетістігі үшін жүлдесі табысталды.