"Елес қуған сайыпқырандар" фантастикалық экшн жанрындағы фильм бүгін, 29 қаңтар күні Алматыда көрсетілгенін айтып өткен болатынбыз. Енді аталған фильм жайында бірер ауыз.
Қазақстандық фильмнің өне бойы америкалық экшн жанрындағы фильмдердің сарынына құрылған. Сюжет америкалық киноның көбіне сәйкес келсе де, Қазақстан киносы үшін жаңалық деуге болады. Өйткені, мұндай киноны қазақстандық актерлердің орындауында сізді қайдам, өз басым бірінші рет көрдім.
Фильм қарулы топтың зұлымдықпен ауқатты ғимаратты басып алуынан басталады. Ғимарат қызметкерлерін жаныштап, бизнес орталық қазынасын тонап алған қарулы топ қолды болған "мал-мүлікті" ала салып, қашуға бекінген сәтте полиция қызметкері Тимур жалғыз өзі олардың іс-әрекетін тоқтатуға себеп болады. Осы жерден фильмнің бас қаһарманының кім екені айқын білінеді. Бұл сюжет жоғарыда айтқандай жарқ еткен жаңалық болмаса да, режиссер қарулы топ бастығын сол жерде ұшақта жарып жіберіп, оқиғаның әрі қарайғы өрбуіне ынтықтыра түседі. (Әдетте, қарулы топ басшысы фильмнің соңында өлтірілетін).
Фильм желісі бойынша, адамдар өз еріктерінен тыс (билеп жатып, мотоциклде келе жатып т.б.) әлдебір күштің әсерінен белгілі бір адамды өлтіреді. Кейін өздері бұл әрекетке қалай барғандарын түсінбей, жағаларын ұстап, аң-таң болады. Шын мәнінде бәрінің себепкері – GS коды еді. Бұл өнертабыс адамның ойын басқарып, оны еркінен тыс әрекеттер істеуге мәжбүрлейді. Мараның командасы бұл жұмбақтың шешімін табуға бас қатырады.
Дегенмен олар бұл әрекет әлгі ғимаратты басып алған топқа қатысты екенін дөп басады. Сол қарулы топтың бір мүшесі хакер Зак жүрегінде мейірімі бар адам болып шығып, Тимурмен мүдделес болып тынады.
Тимур мен Зак (Санжар Мәдиев пен Никита Пресняков) бірге әрекет етуге талпынады. Екеуінің әсіресе полициядан бірге қашқан тұсы өте әсерлі берілген. Қазақ пен орысты бірге кісендеп, бір мүддеге таңып қойған бұл үзіндіде астар жатқандай.
Басты рөлді Арнольд Шварценнегер сомдаған Роджер Споттисвудтің "Алтыншы күніндегі" (The 6th Day) виртуалды стюардесса бұл фильмде де бар. Оны Алла Пугачеваның жиені Никитаның шынайы өмірдегі қалыңдығы Аида ойнаған.
Картинада экшн сценалар шынайы қойылған. Әсіресе көлік үстіндегі төбелес фильмдегі трюктың жоғары деңгейін көрсетті деуге болады. Әлем халқының өзіне тән төбелесу өрнегі болатындай (қытайлық, америкалық экшн жанрындағы төбелес сценаларын еске түсіріңіз), фильм "қазақша төбелесудің" фильмдегі мәнерін қалыптастырған. Осыны ескерсек, фильм өз жанрын түбегейлі ақтады деп айта аламыз.
Фильм сюжетіндегі кемшін тұс та жоқ емес. Мәселен, Тимур мен Зак Лос-Анджелеске ұшпақ боп әлдебір ұшаққа отырғаннан кейінгі оқиға желісі түсініксіздеу. Қазақстандағы қауіпсіздік басшылығы да толық ашылмай қалған сияқты. Фильмнің соңында "Қазақстан" шешуші дауыс беріп, әлемді құтқарып қалғанда, бір-екі жерден өлімсіреп шыққан қуаныш үнін естігеніміз болмаса, әлем халқының қуанған түрін көре алмадық. Бұл тұс – оқиғаның шарықтау шегі болғандықтан, осы тұсқа басымдық беріп, айрықша әсерлендіріп, көрерменнің көзіне жас келтіруге болатын ба еді.
Тимур мен Зактың да бір мәмілеге келсе де, қайта-қайта төбелесе бергенін түсіне алмадық. Сірә, режиссердің "Ер шекіспей, бекіспейді" дегені болар...
Фантастикалық фильмдер оқиғасы әдетте шиеленісіп, көрерменді де, өздерін де демалдырмай өтуші еді. Ғимаратты басып алған қарулы топ оқиғасынан кейін полиция басшысы Мараның бұл оқиғаның түбіне жетуге талпынудың орнына түк болмағандай шатқалға достарымен бірге демалуға келген жері қисынсыз көрінді. Мара демекші, Мараның рөлін сомдаған Кәмила Ермековаға кішкене қаттылық, сұстылық жетіспеген сыңайлы.
Ал фильмде ойнаған басқа актерлер рөлдерін керемет сомдаған деп айтуға болады. Картинада Қазақстан жері, Шарын шатқалы, Астана өте әдемі көрсетілген.
Фантастикалық экшн жанрындағы "Елес қуған сайыпқырандар" фильмінің сюжеттеріндегі түсініксіз тұстарды ескермегенде, түсіру сапасында сөз жоқ деуге балады. Арнайы эффектілер айрықша шеберлікпен қолданылған. Бір қарағанда, жасыратыны жоқ, қазақстандық емес, америкалық фильмді көріп отырғандай күйде боласың. 40 пайызы арнайы эффектінің еншісіне тиесілі болса да, фильмде үлкен еңбек пен маңдай тердің жатқаны анық көрінеді.
Көруге кеңес береміз.
Автор: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: kino24.kz